Lifestyle

10 жылға созылған сот: Еуропалық одақ Apple компаниясын 13 млрд еуро салық төлеуге міндеттеді

Еуропалық сот Ирландияның Apple компаниясына заңсыз көмек көрсеткенін растады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Еуропалық одақ Apple компаниясын 13 млрд еуро салық төлеуге міндеттеді. 10 жылға созылған сотта Тим Кук басқаратын компания жеңіліс тапты.

Еуропалық сот Ирландияның аталған компанияға заңсыз көмек көрсеткенін растады.

«Еуроодақтың жоғарғы соты – АҚШ-тың Apple компаниясынан 13 млрд еуро көлемінде салық өндіру туралы шешімін заңды деп таныды», – деп хабарлады FT басылымы.

Бұл туралы 2024 жылғы 10 қыркүйектегі сот шешімінде жазылған

«Сот осы іс бойынша соңғы шешімін шығарады және Еуропалық комиссияның 2016 жылғы шешімін растайды: Ирландия Apple-ге заңсыз көмек көрсетті, Ирландия оны қайтарып алуы керек», – деді судьялар.

Еурокомиссияның хабарламасында жазылғандай, Ирландия компанияға салық төлеу үшін үлкен жеңілдіктер ұсынып, Apple-дің табыс салығын тек 1% көлемінде белгіленген. Ал АҚШ корпорациясы елде жұмыс орындарын ашуы қажет болған. Басқа компанияларға мұндай мүмкіндіктер ұсынылмағандықтан, монополияға қарсы орган мемлекеттік жеңілдікті ЕО заңдарын бұзу деп есептеді. 

Бұл іс 2014 жылы қозғалған. 2016 жылы Еуропа тарапы жеңіске жеткен. Ал 2020 жылы Apple және Ирландия үкіметі Еуропалық жалпы юрисдикциялық сотта 13 млрд еуроны өндіріп алу туралы шешімін жоққа шығарды.

Алайда қазір жоғары сатыдағы сот бұрынғы шешімнің күшін жойып, Еурокомиссияның бастапқы қорытындысын заңды деп тапты.

«Бүгінгі шешімге көңіліміз толмады», – деді Apple өкілі.

Компанияның бас директоры Тим Кук бұған дейін ЕО-ның әрекетін «толық саяси нонсенс» деп сынаған. АҚШ қазынашылығы да ЕО өзін «ұлттық салық органына» айналдырып, жаһандық салық реформасына қауіп төндіретінін айтты.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 9 қыркүйекте Apple iPhone 16-ны таныстырады.