«Қазатомөнеркәсіп» Буденовское кен орнындағы жаңа учаскеде уран барлауға құқық алды
«Қазатомөнеркәсіп» «Буденовское» кен орнында уран барлайды. Кеніштің №5 учаскесінде жүргізілетін барлау жұмыстары 6 жылға созылады. Компания баспасөз қызметі жер қойнауын пайдалану құқығын алғанын хабарлады.
Компания ақпаратына сәйкес, «Буденовское» кен орны «Кенце-Буденновск» металлогендік аймағындағы Мыңқұдық кенді ауданының бір бөлігі. Оңтүстік бағытта елдегі ең ірі уран кен орны «Инкай» кенішінің жалғасы.
«Қазатомөнеркәсіп» осы кен орнындағы №5 учаскенің әлеуетін жоғары бағалап отыр. Өйткені болжам бойынша мұндағы уран ресурстары 18 000 тоннадан асады. Компания мәліметінше, ресурстар мен қорлар нақтыланатын барлау жұмыстары аяқталған соң, ондағы анықталған ресурс көлемі бұдан да көп болуы мүмкін.
«Сондықтан егжей-тегжейлі барлау жұмыстарын жүргізу үшін айтарлықтай ресурстарды көрсетеді. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін ресурстар мен қорлар нақтыланып, анықталған ресурстардың айтарлықтай өсуі мүмкін. Кен орнының оңтүстік бөлігіндегі кендер жоғары аумақтық өнімділікпен сипатталатынын атап өткен жөн», – деп хабарлады ұлттық атом компаниясы.
Учаскедегі одан кейінгі жұмыстар ресурстарды нақтылауға және өндіру жоспарын әзірлеуге бағытталады. Бұл оның әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Буденовское» кен орны – 1970 жылдары ашылған әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі. Кен орнының екі учаскесіндегі алғашқы технологиялық ұңғыма 2021 жылдың басында ғана салынды. 2022 жылдың қарашасында бірінші блокта жұмыстар басталды, ал 2023 жылдың наурызында алғашқы 50 тонна уран өндірілді.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың желтоқсанында «Росатом» «Газпромбанктің» несие желісі бойынша «Буденовское» бірлескен кәсіпорнының 49% үлесін 1,6 миллиард долларға сатып алған еді. Алайда бұл ақпарат ұзақ уақыт бойы көпшілікке жарияланбады. Қазақстандықтар «Росатомның» қазақ жеріндегі кенішті сатып алғанын 2023 жылы мамырда ғана білді. Сату фактісі «Қазатомөнеркәсіптің» 2022 жылға арналған жиынтық есебі жарияланғанда бірақ белгілі болды.