Lifestyle

Ұлттық музейде Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған көрме өтеді

Димаш Құдайбергеннің концерті / Фото: Ұлттық музей баспасөз қызметі

12 қыркүйек күні сағат 15:00-де Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған «Дүние дидарындағы Димаш» атты көрменің ашылу рәсімі өтеді. Бұл туралы Ұлттық музей баспасөз қызметі хабарлайды.

Музей баспасөз қызметінің хабарлауынша, көрме Димаш Құдайбергеннің Астанадағы концерті аясында әртістің шығармашылық жолы мен жетістіктерін көрсететін бірегей мәдени кеңістік құруға бағытталған.

«Дүние дидарындағы Димаш» көрмесіне қазақ жанының болмысын бейнелейтін, оның қайталанбас үнін қалыптастырған, өміріндегі елеулі оқиғалар туралы хабар беретін құндылықтар, танымал тұлғалар мен көптеген жанкүйердің сыйлықтары ұсынылады.

Көрме мазмұны келесі бөлімдерден құралған:

1. «Шабыт көздері» – әртістің өмірбаяны, өскен ортасы, балалық шағы мен шығармашылық жолын көрсететін заттар (фотосуреттер, жекелеген заттар);

2. «Даңққа апарар жол» – кәсіби білім жолында алған дипломдары, республикалық, халықаралық байқауларда иеленген марапаттары және т.б.;

3. «Жанкүйерлер махаббаты» – әртістің жанкүйерлері тарту еткен сыйлықтар;

4. «Ұлт мәдениетінің жаршысы» – әлемдік аренада ұлттық мәдениет пен брендтің танылуына ықпал ететін Димаштың заттары (ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық костюмдері, баспа материалдары және т.б.).

Астана түрғындары мен қала қонақтары аталмыш көрмені 6 қазанға дейін көре алады. 

Бұған дейін, 13 қыркүйек күні Астанада өтетін концертіне билеттердің барлығы сатылып кеткеніне байланысты, Димаш келесі күні тағы концерт беретін болды. Осылайша Димаш Құдайбергеннің концерті қатарынан екі күн өтеді. Айта кетейік, концерт өтетін «Астана Арена» стадионына 30 200 жанкүйер сыяды.

Сонымен қатар Димаш осы жылдың соңына дейін Еуропада тағы екі концерт беруді жоспарлап отыр:

22 қараша – Чехия астанасы Прага қаласында

24 қараша – Германияның Дюссельдорф қаласында

Еске сала кетейік, 2022 жылы Алматыдағы Димаштың концертіне 30 000-ға жуық көрермен жиналды. Сондай-ақ Алматыға 68 мемлекеттен Димаштың жанкүйерлері келген еді.