Lifestyle

Жаңа iPhone 16-ның алдыңғы модельдерінен ерекшелігі неде?

фото: apple.com

Дүйсенбі 9 қыркүйек күні Apple компаниясы iPhone 16 және iPhone 16 Plus базалық модельдерін таныстырды. Құрылғылардың экрандары өзгеріссіз қалды: бұрынғыдай 6,1 және 6,7 дюймдік OLED дисплейлер. Смартфондардың корпусы алюминийден жасалған. Ал артқы бетінде камералардың жаңа орналасу реті бірден көзге түседі.

Жаңа модельдердің камералары енді диагональ бойынша емес, вертикаль орналасқан. Бұл көрініс 2017 жылы шыққан iPhone X моделін еске салады, бірақ ол кезде камера элементтері бір корпуспен жабылған еді. Жаңа iPhone-дарда әр объектив жеке көрінеді.

фото: apple.com

Камераның өзгеруіне жаңа функция әсер етті. Енді базалық iPhone-дар кеңістіктік бейнетүсірілімді қолдайды, яғни 3D-клиптерді Apple компаниясының Vision Pro гарнитурасы арқылы көруге болады. Сонымен қатар, камераны басқаруға арналған жаңа сенсорлық батырма қосылды, ол бұғаттау батырмасының астында орналасқан.

Жаңа iPhone-дарда тағы бір ерекшелік — Apple Intelligence жасанды интеллект жүйесі. Бұл жүйе арқылы галереяда суретті мәтін бойынша іздеуге, мәтінді түзетуге немесе жақсартуға, тіпті эмодзилерді жасауға болады. Әзірге бұл функциялар тек ағылшын тілінде, бірақ Apple-дің мәліметінше жылдың соңына дейін қытай, француз, испан және неміс тілдерін қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Apple өз жанкүйерлеріне iPhone-ның жаңа түстерін ұсынып отыр. Енді бес жаңа түсі бар:

  • көк
  • ақ
  • қызғылт
  • көгілдір
  • ашық көк түсті

Бағаларына келетін болсақ, Apple-дің мәліметінше iPhone 16 — 128 ГБ жады бар нұсқасы $799 басталса, iPhone 16 Plus — 128 ГБ жады бар нұсқасы $899 басталады.

iPhone 16 Pro және iPhone 16 Pro Max моделі

Сонымен қатар, базалық Iphone-дармен қоса, тағы екі модель — iPhone 16 Pro және iPhone 16 Pro Max таныстырылды. Құрылғылардың сыртқы көрінісі негізінен бұрынғы модельдерге ұқсас. Айырмашылықтары тек OLED-дисплей өлшемдерінің ұлғаюында: Pro нұсқасы 6,1″ дюймнен 6,3″ дюймге, ал Pro Max — 6,7″ дюймнен 6,9″ дюймге ұлғайды. Сондай-ақ, экран айналасындағы жиектер жұқарыпты.

фото: apple.com

Түстер де өзгеріп, жаңа түс қосылды. Бұрынғы iPhone 15 Pro және iPhone 15 Pro Max ақ, қара, көк және «табиғи» титан түстерінде шығарылса, жаңа iPhone-дар ақ, қара және «табиғи» түстерде сақталған (олардың реңктері сәл өзгерген), ал көк модельдің орнына «титан» деп аталатын алтын түс қосылды.

Ал суретке түсіруді ұнататындар мен кәсіби мамандар үшін жаңа функциялар қосылды. Жаңа батырма камера объективтері мен фото/видео режимдерін ауыстыруға, масштабты ұлғайту/кішірейтуге, фокусты және басқа да параметрлерді баптауға мүмкіндік береді.

фото: apple.com

Бұл модельдің бағаларына келетін болсақ, iPhone 16 Pro — 128 ГБ нұсқасы $999 басталса, iPhone 16 Pro Max — 128 ГБ нұсқасы $1 299 басталады. Айта кетейік АҚШ-та жаңа Iphone телефондары сатылымға 20 қыркүйекте шығады.