Орталық коммуникациялар қызметінде Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті Заңсыз иемденілген активтерді қайтару бойынша жүргізілген жұмыстарға қатысты есеп берді.
Жиында журналистер Біріккен Араб Әмірліктерінде талай шенеуніктің балалары мен туыстарының активтері бар екенін айтып, олардың заңдылығын прокуратура қалай және қашан тексеретіні туралы сұрады.
«Мамырда журналистер қазақстандық шенеуніктердің балаларына тиесілі активтер туралы зерттеу жариялады. Онда журналистер Назарбаевтың әйелі Әсел Құрманбаевада, Даниал Ахметов пен бұрынғы ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ұлдарында Біріккен Араб Әмірліктерінде зәулім виллалары бар екенін анықтады. Сіздер солардың байлығы қайдан келгенін тексересіздер ме?», – деп сұрады журналист.
Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков журналистердің зерттеуін негізге алатынын айтты.
«Бұл басылымның ақпаратын тексеруге аламыз. Ол біз үшін қосымша ақпарат көзі болып саналады. Заңнамада мұндай дереккөздерін қызмет бабында пайдалану туралы нормалар да бар. Нақты субъектілердің табысына мониторинг жүргізу жұмыстары барысында мақаладағы ақпаратты негізге аламыз», – деді комитет басшысы.
Журналист мамырдан бері бұл ақпараттың анық-қанығы не себепті тексерілмегенін сұрады.
«Егер тексеруге негіз болатын мән-жайлар анықталса, біз бұл ақпаратты өз жұмысымызда пайдаланамыз. Онда айтылған мүліктердің заңдылығын жұмыс ережесіне сай тексереміз. Жұмыс ережесі бойынша бірінші субъектіге қатысты мониторинг жүргізіледі. Мониторинг жүргізілген соң, оларды тізілімге қосу жөнінде арнайы комиссияға ұсыныс жасаймыз. Комиссия мақұлдаса, ол субъектіні реестрге енгіземіз. Оған енген соң, субъект активтерін ашып көрсетуі керек. Біз осы тәртіп бойынша жұмыс жүргіземіз», – деді Сүйіндіков.
Еске сала кетсек, бұл жиында комитет 1,9 трлн теңгенің активтері мемлекетке қайтарылғанын хабарлады. Олардың ішінде зергерлік бұйымдар мен тарихи жәдігерлер де бар.