Қазақстанда АЭС салуға қарсылық білдіріп жүрген белсенділер тобы көпшілікті жалпыхалықтық референдумы кезінде жаппай дауыс беруге шақырды. Ынталы топ Алматы қаласында баспасөз мәслихатын өткізді.
Жиынға қатысқан эколог Қайша Атаханова, экономист және энергетик Асет Наурызбаев, эколог Гүлсім Кәкімжанов, экологиялық құқық жөніндегі халықаралық сарапшы Вадим Ни Үкіметтің АЭС-ке қатысты ұстанымына келіспейтінін жеткізді.
«Электр энергиясы жетіспейді деген қорқыныштың жетегінде кетпеуіміз керек. Біз келер ұрпаққа сенім артайық. Оларға орасан зор қарыз артып, радиоактивті қалдықтар мәселесін қалдырмауымыз қажет. Энергетикаға байланысты мәселені өздері шешіп алады. Жаңартылатын энергетика (күн, жел) барлық мәселені тез әрі арзан шешім ұсынады», – дейді Қайша Атаханова.
Экономист, энергетик Асет Наурызбаев АЭС жобасының экономикалық қырынан алғанда кемшіліктері бар екенін, қазақстандықтар үшін құрылыстың қымбат әрі тиімсіз екенін алға тартты.
«АЭС салсақ, біз уранды байытатын мемлекеттерге тәуелді боламыз. Уран байыту нарығында Ресей – бұрыннан көшбасшы ел. Батыс елдері қуатын енді ғана қалпына келтіріп жатыр. Басқа елдердің ешқайсысы бізге өңделген уранын бермейді. Өйткені өздерінен артылмайды. Сондықтан біз ұзақ уақыт бойы Ресейдің қас қабағына қарап қаламыз», – деді Асет Наурызбаев.
Асет Наурызбаевтың пікірінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысының жауапкершілігін қоғамның өзіне жүктеп отыр.
«Халық сайлауларға қатыспайды. Бірақ соңынан билікті кінәлайды. Осындай түсініксіз жаулық болмас үшін, халық референдумға белсенді қатысып, дауыс беруі тиіс», – дейді энергетик.
«Невада Семей» қозғалысының белсендісі Гүлсім Кәкімжанованың пікірінше, Қазақстанның атомнан тартқан зардабы аз емес.
«Адамдар радиацияның қасіретін әлі де тартып жатыр. Семей полигонында соңғы сынақ 1989 жылы 19 қазанда жасалды. Өйткені біз бұдан отыз бес жыл бұрын бас қосып, радиацияны ұнататындарға «жоқ» деп айта алдық. Халықтың радиациядан тартқан азабы енді ғана ұмытылып келе жатқанда, қатерлі тәжірибені қайталамайық!», – деді Гүлсім Кәкімжанова.
Экологиялық құқық сарапшысы Вадим Нидің айтуынша, басшылықтың ұстанымына ықпал ете алатын бір ғана амал – референдумға барып, дауыс беру.
«Қорытындысының әділ боларына сенсек те, сенбесек те, референдумға барып, өз ұстанымызды білдірейік. «АЭС салынбасын!», «АЭС керек емес!» дегенді айту үшін сайлау учаскесіне барайық», – дейді Вадим Ни.
АЭС салуға қатысты референдум 6 қазанға белгіленіп отыр. Онда «Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» деген тек ғана бір сұрақ болады. Құрылыс салуды жақтаушылардың негізгі дәйегі – электр энергиясы тапшылығының артуы.
Айта кету керек, осы жиынға қатысқан кейбір сарапшылар Алматыда АЭС салу бойынша өткен жария талқылауға да қатысқан болатын. Ол жиын атом станциясын салуды жақтаушылар мен қарсы топтардың жарыссөзіне айналған еді. АЭС салуға қарсы тарап жиынды «жария талқылау емес, атом стансасын жарнамалау, үгіт-насихат» деп айыптаған болатын.