Мейіржан Юсупов Financial Times-қа берген сұхбатында Батыстан гөрі Азияға уран сату оңайға түсіп отырғанын айтты
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бас директоры Мейіржан Юсупов Financial Times басылымына берген сұхбатында Батыс елдеріне өнім жеткізуге кедергі бар екенін мәлімдеген.
Бұған Ресей мен Украина арасындағы соғыс Ресейге салынған санкциялар түрткі болып отыр.
«Бізге өнімдеріміздің бәрін болмаса да, көбін азиялық серіктестерге сатуға оңайырақ. Олар біздің барлық өнімдерімізді сатып ала алады. Барлық жұмыртқаларды бір кәрзеңкеге салғымыз келмейді», – дейді Юсупов.
Оның айтуынша, қазір санкция кесірінен Санкт-Петербург арқылы өтетін арзан маршрутпен материал жеткізу мүмкін емес. Каспий теңізі арқылы тасымалдау тым қымбатқа түседі.
Өткен айда компания 2025 жылға арналған болжамында өндіруді 17%-ға қысқартып отырғанын мәлімдеген. Жылдық есебінде «Қазатомөнеркәсіп» Азия нарығына – 49 %, Еуропаға – 32%, АҚШ-қа 19% уран жеткізгені айтылған.
Қазақстан уранының негізі өндірушісі – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының 2024 жылдың І тоқсандағы жиынтық табысы 92,3 млрд теңге болды. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,4%-ға кем.
Компания қаржы көрсеткіштеріне уран сату көлемі әсер еткенін атап көрсетті. Жыл басындағы 3 айда табиғи уранды сату көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55%-ға азайған. Оған тұтынушылардан түсетін сұранысты жеткізу мерзімі мен жалпы 2024 жылы сату болжамының төмендеуі себеп болып отыр.
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы – уран мен оның қосындыларын, сирек металдарды, атом электр станцияларына арналған ядролық отынды және арнайы жабдықтарды экспорттайтын Қазақстанның ұлттық операторы. 2024 жылдың шілдесінде ҚР Қаржы министрлігі Ұлттық қор қаражаты есебінен компанияның акцияларын сатып алғаннан кейін компанияның акционерлік құрылымында өзгеріс болды. «Самұрық-Қазына» қоры – 63%, Қаржы министрлігі 12% акцияға иелік етсе, еркін айналымда тағы 25% акция бар.
Еске сала кетсек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының былтырғы таза пайдасы 580 млрд теңгеге жетіп, 23%-ға артқан болатын.