Түркістан мен Қызылорда әуежайларына вьетнамдық компания инвестиция құяды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Түркістан мен Қызылорда әуежайларын вьетнамдық компания дамытпақ. Астана қаласында Түркістан және Қызылорда облыстарының әкімдіктері Түркістан және Қызылорда әуежайларын бірлесіп дамыту бойынша «VietJet Air» вьетнамдық әуекомпаниясының иесі SOVICO Group компаниясымен меморандумдарға қол қойды. Бұл жөнінде Азаматтық авиация комитеті хабарлады.

Мамыр айында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен SOVICO компаниялар тобына кіретін Aviation Holdings Company арасында Qazaq Air авиакомпаниясын сатып алу шарттарына қатысты міндет жүктейтін ұсынысқа қол қойылды. Инвестор 5 жыл ішінде Boeing 737-Max8 және Airbus A320/321 модельді кемінде 20 ұшақ әкелуді жоспарлап отыр. SOVICO компаниялар тобының құрамына кіретін Vietjet Air авиакомпаниясы Қазақстанда жүк және жолаушылар тасымалдайтын әуе рейстерінің санын біртіндеп көбейтуде.

Вьетнамдық Sovico Group Qazaq Air әуе компаниясын шамамен 2 млрд теңгеге сатып алуы мүмкін. Келісім қыркүйекте аяқталады. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев шілде айында мәлімдеді. Министр келісімшарт негізінде вьетнамдық компания Qazaq Air-дің бүкіл қарызын төлейтінін атап өтті. Әуе компаниясының қазіргі қарызы 38 млрд теңгені құрайды.

Қатар инвесторы сатып алған Атырау аэровокзал кешенінің құрылысы 2026 жылы аяқталады. QazAir Investments LLC компаниясы жолаушылар терминалының құрылысын 2025 жылдың басында бастайды. Инвестор айлақ аумағындағы инфрақұрылымды толық жаңғырту мен кеңейтуді, сондай-ақ қазіргі әуежай ғимаратын жаңартуды көздеп отыр. Азаматтық авиация комитетінің дерегінше, бұл жобаға шамамен 50 млн доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз