Brent маркалы мұнай бағасы 2021 жылдан бері ең төменгі деңгейге түсті. Лондон биржасындағы ICE сауда деректері бойынша Астана уақытымен 19:15-тегі жағдай бойынша шикізат бағасы барреліне 69,72 долларға дейін құлдырады. Оның алдындағы сауда-саттықтың жабылу деңгейіне дейін төмендеу сол кездегі 2,95%-ды құрады.
Сағат 19:37-ге жақындағанда баға белгіленімі барреліне 69,57 долларға дейін төмендеп, 3,22%-ға арзандады. Өз кезегінде WTI (West Texas Intermediate) америкалық маркалы мұнайдың қазан айындағы жеткізілімдері бойынша фьючерстік келісімшарттар осы уақытқа дейін құнын 3,29%-ға (барреліне 66,45 долларға дейін) жоғалтты.
TENGENOMIKA бұған АҚШ пен Қытай нарығындағы мұнайға деген сұраныстың төмендеуі, ОПЕК+ ұйымының жыл соңына дейін мұнай өндіруді үдетуі себеп болды деп түсіндірді.
Мұнайға бұдан былай жоғары баға белгіленбеуі және басқа да жағдайларға байланысты одан әрі төмендей беруі мүмкін.
ОПЕК+ келісіміне сәйкес Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман елдері мұнай көлемін ерікті қысқартуды 2 айға дейін ұзартқан. Негізінен ОПЕК+ шектеулері алынып, қазан айынан бастап, кезең-кезеңімен мұнай көлемін арттыра бастауы керек болған. Бірақ ұйымға кіретін мемлекеттер шектеулерді тағы екі айға ұзартуға келісіп, мұнай көлемін арттыру мерзімін 2024 жылдың желтоқсанына дейін шегерген.