Жаңалықтар

Тәжікстанның Ресейдегі елшілігі ел азаматтарын РФ-ға барудан уақытша бас тартуға шақырды

Тәжікстан өз азаматтарын Ресейге бармауға шақырды / Фото: shutterstock

Тәжікстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі ел азаматтарын мүмкіндігінше РФ-ға бармауға шақырды. Елшіліктің мұндай мәлімдеме жасауына Ресей шекарасындағы шетелдіктерге қатысты жүргізіліп жатқан қатаң тексеру ықпал етіп отыр. Тәжікстанның РФ-дағы елшілігінің ресми сайтында жарияланған ақпаратта негізгі себеп осы деп көрсетілген.

«Ресей Федерациясының мемлекеттік шекараларындағы жерде және әуеде өткізу бекеттері арқылы шетелдік азаматтардың кіруіне қатаң бақылау режимі жалғасып жатқандықтан, Тәжікстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі Тәжікстан Республикасы азаматтарын аса қажет болмаған жағдайда Ресей Федерациясына баруды уақытша тоқтатуға шақырады», – делінген хабарламада.

Еске саламыз, бұған дейін Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі де өз азаматтарына осындай ескерту жасаған болатын.

«Қырғызстан елшілігі өз азаматтарына әзірге Ресейге барудан бас тартуға кеңес берді», – деп жазылған еді республика Сыртқы істер министрлігінің сайтында.

Қырғыз сыртқы істер ведомствасының да бұл ұсынысын «Ресей аумағында енгізілген қосымша қауіпсіздік шараларының жалғасуын және мемлекеттік шекара арқылы кіруді бақылау күшейтілген режимге көшкенімен» байланыстырған болатын.