Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасының қоржынына 48 медаль түсті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: 3 жарыс күнін қорытындылады / Фото: «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» баспасөз қызметі

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары үшінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы 7 алтын, 7 күміс, 9 қола медаль иеленді. Қазір ұлттық құрама қоржыныныда жалпы 48 медаль бар. Бұл туралы «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» баспасөз қызметі хабарлайды.

«Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда өткен жамбы ату спортының Түркі стилінен алтын жүлдені Ералхан Айкөз, ал қола жүлдені Айтбек Сарыбай жеңіп алды. Күміс жүлдені түркиялық Керем Игит еншіледі.

Аударыспақтан Сырым Ізбасаров (100 келі) моңғолиялық спортшы Ерболат Жеңісбекті жеңіп, алтын жүлде алды. 100 келіден жоғары салмақта Біржан Қосалиев Қырғызстан спортшысы Кумушбек Қыдырәлиевтен басым түсіп, алтын жүлдеге ие болды. Ал 90 келі салмақ дәрежесінде Есімхан Рахматіллә күміс жүлде еншілелі. Ол Қырғызстан спортшысы Ислам Бердібекуулынан жеңілді. Ұлттық құрама спортшылары аударыспақтан жалпы есепте бес алтын, бір күміс еншіледі.

«Арғымақ» ат-спорт кешенінде дәстүрлі садақ атудан «Қалқан» нысанасынан өткен бәсекеде Ербол Тәпенов күміс жүлдеге, ал Қасымхан Қанат қола жүлдеге ие болды. Бұл – Қасымханның Көшпенділер ойындарындағы екінші қола медалі. Екінші жарыс күнінде «Пута» нысанасы бойынша Жәнібек Құлмырзаев алтын, Айкөркем Батихан қола жүлде алған болатын.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен ерлер мен әйелдер әрқайсы төрт салмақ дәрежесінде сынға түскен. Қазақстанық балуандар қазақ күресінен барлығы 15 медаль алды: 12 алтын, 1 күміс, 2  қола.

«Алау» мұз айдыны сарайында өткен кураштан екінші жарыс күнінде 7 балуан жүлде алды. Осылайша, ұлттық құрама курашты 13 жүлдемен (1 алтын, 6 күміс 6 қола) қорытындылады.

Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен ерлер арасында 105 келі салмақ дәрежесінде Еркебұлан Ерлан мен 75 келі салмақ дәрежесінде Ольга Душаева қола жүлдегер атанды. Ұлттық құрама спортшылары Көшпенділер ойындарын төрт қоламен аяқтады.

«Қазанат» ипподромында өтіп жатқан көкпардан іріктеу кезеңінде Қазақстан АҚШ құрамасын 16-4 есебімен жеңді. Асық ату мен бес асықтан Қазақстан құрамасы финалға шықты. Финалдық ойындар 11 қыркүйек күні «Алау» мұз айдыны кешенінде өтеді.

Еске сала кетсек, Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен 2430 қатысушы тіркелді. Қазақстан құрамасынан 261 спортшы қатысады. Көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдің жалпы саны – 581 дана.

Бұған дейін көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан Өзбекстан құрамасын 16:0 есебімен жеңіп, таңғаларлық сенсация жасағаны туралы жазған едік. 

Сондай-ақ оқыңыз