Көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың инфрақұрылымын қалпына келтіруге Үкімет резервінен 48,8 млрд теңге бөлінген.
Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, Үкімет қорынан бөлінген қаржының 405 млн теңгесіне Арқалық қаласында 31 пәтер салынған. Бұл пәтерлерге су тасқыны салдарынан баспанасынан айырылған тұрғындар қоныстанған.
Сонымен қатар Қостанай облысының Арқалық қаласында, Амангелді және Жангелді аудандарында орналасқан «Қостанайюжэлектросервис» КМК электр беру желілерін қалпына келтіруге 1,4 млрд теңге жұмсалған.
Одан бөлек, Батыс Қазақстан облысындағы ірі 3 электр желісін күрделі жөндеуге кеткен 1,13 млрд теңге де Үкімет резервінен бөлінген. Олар: «Бәйтерек ауданы 10 кВ Шалғай – Таловая», «Бөрлі ауданы 35 кВ Кеңтүбек (Григорьевка) – Александровка», «Шыңғырлау ауданы 35 кВ Шыңғырлау – Ащысай (Мырзагора)».
797 шағын және орта бизнес өкілінің көрген 12 млрд теңге шығыны да Үкімет резерві есебінен өтелген. Қаражат өңірлерге Үкіметтің резервінен бөлінгенімен, өтініш берушілердің үштен біріне ғана жеткені хабарланған. Осыған байланысты вице-премьер Қанат Бозымбаев бизнеске төлем жасаудың әдістемесін пысықтауды тапсырған болатын.
Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының тасқын судан қираған жолы жөнделіп жатыр. Үкімет резервінен бөлінген қаржының 22,7 млрд теңгесі осы мақсатқа жұмсалған. Осы облыстардағы зардап шеккен білім нысандары да резерв қаржы есебінен қалпына келтірілмек. Оларды жөндеу мен құрылысына 7,5 млрд теңге қарастырылған.
«Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласындағы Универсальный көшесі бойынша «РЖД» ААҚ теміржол жолдары арқылы автожол өткелін салуға» 2,9 млрд теңге кетеді. Ақмола облысының 7 сумен жабдықтау нысанын жөндеуге 572,4 млн теңге қарастырылған.
Тамызда Үкімет су тасқынынан зардап шеккен халыққа берілген баспана санын жариялады. Ресми мәлімет бойынша, 5 239 отбасы жаңа баспана алды. Оларға арнайы салынған үй және сатып алынған пәтер берілген.