7,4 млрд доллар инвестиция тартылған: Қазақстан, Қытай мен Ресей компаниялары Атыраудағы полиэтилен зауытының құрылысын бастады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
полиэтилен
Атырауда полиэтилен зауытының құрылысы басталды / Фото: kursiv.media, бильд редактор: Артур Алескеров

Атырауда полиэтилен шығаратын зауыт құрылысы басталды. Кәсіпорын жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндірмек. Зауыт Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында бой көтереді. Жобаға 7,4 млрд доллар инвестиция тартылған.

Аталмыш жобаны Silleno компаниясы жүзеге асырады. Silleno компаниясының акционерлері – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (40%), Sinopec Overseas Investment Holding (30%) және «Сибур Холдинг» ЖАҚ (30%). Жоба акционерлер қаражаты мен халықаралық банктерден алынған несие есебінен қаржыландырылады. 

Зауыт құрылысы 2029 жылы аяқталауы тиіс. Кәсіпорынның іске қосылуы импортталатын полиэтилен көлемін отандық өніммен алмастыру және қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайтуға жол ашпақ.

Жоспар бойынша кешен 22 полиэтилен түрін шығармақ. Олардың 40%-ы жоғары сапалы премиум санатқа жатады. Бұған Axens (Франция), Univation Technologies (АҚШ) және Chevron Phillips Chemical (АҚШ) сияқты компаниялармен жасалған лицензиялық келісімдердің арқасында қол жеткізілген.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының хабарлауынша, жаңа зауыт – Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ең ауқымды жоба. Бұл жоба жүзеге асқанда ішкі жалпы өнім көрсеткішінің 1,2%-ға өсуіне ықпал етпек.

Полиэтилен өндіруге шикізат ретінде этан қолданылады. Шикізат КМГ-ның Газ бөлу кешенінде «Теңізшевройл» компаниясының кен орындарынан алынатын құрғақ газдан бөлінеді. Полиэтилен – әлемде ең көп сұранысқа ие пластик, экономиканың барлық саласында дерлік қолданылады.

Жоба тарихы

2022 жылдың қараша айында Қазақстан мен Ресей өкілдері полипропилен мен полиэтилен шығаратын жобаларды іске асыру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы құжатқа қол қойған. Полипропиленді Kazakhstan Petrochemical Industries зауыты шығарса, полиэтиленді Silleno компаниясының зауыты өндіреді.

2023 жылдың мамырында аталмыш жобаға қытайлық Sinopec компаниясы қосылатыны туралы ресми түрде жарияланды. ҚМГ бұрынғы басшысы Мағзум Мырзағалиев Sinopec компаниясының мұндай технологиялық тұрғыда күрделі мұнай-химия нысандарын жобалау, құрылысын салу және қолданудағы тәжірибесі жобаға оң әсер ететін айтқан еді.

Нәтижесінде ресейлік «Сибур» мұнайгазхимия компаниясы мен қытайлық Sinopec кәсіпорны Silleno жобасынан әрқайсысы 30%-дан алды. 2024 жылдың сәуірінде зауыттың меншік құрылымында: ҚМГ – 40%, Sinopec – 30%, Сибур – 30% иеленетіні белгілі болды. Жоба құны 7,7 млрд долларға дейін жететіні айтылды.

Сондай-ақ оқыңыз