Құрылыс кодексінің жобасына 291 млн теңге бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған – Бақытжан Базарбек

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Құрылыс кодексінің жобасына 291 млн теңге бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған – Бақытжан Базарбек
Құрылыс кодексінің жобасын қабылдаған сәттен бастап депутат аталған құжат сапасын сынға алды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Құрылыс кодексінің жобасына 291 млн теңге бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған. Мәжіліс отырысында Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған Бақытжан Базарбек осылай деп мәлімдеді.

Құжат сынның астында қалды

Естеріңізде болса, Мәжіліс Құрылыс кодексінің жобасын қабылдаған сәттен бастап депутат аталған құжат сапасын сынға алды.

«Құжат сапасыз, ал Мәжіліс депутаттары оны алты айдың ішінде пысықтап, түзетуі керек. Осылайша, қомақты қаржының бөлінуі де тиімді құжат әзірлеуге көмектеспеді. Құрылыс кодексінің 98-99%-ы қолданыстағы заңдардан тұрады және ешқандай жаңашылдығы жоқ», – деді мәжілісмен.

Сондықтан бір топ депутат мұндай сапасыз кодекс жобасына бюджет қаражатын жұмсаудың орындылығы туралы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жүгінген. Ведомство бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалануға мемлекеттік аудит жүргізіп, нәтижесін жариялады.

Мемлекеттік аудит қандай қорытынды шығарды?

Біріншіден, 2023 жылға арналған Бюджет кодексінің 41-бабының 4.2-тармағын бұза отырып, жалпы сомасы 382 млн теңгеге құрылыс кодексін әзірлеу Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мемлекеттік міндеттер тізіміне негізсіз енгізілген.

Осылайша тексеріс нәтижесінде министрлік пен «ҚазҚСҒЗИ» құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институты» ЖШС арасындағы келісімшарт негізсіз жасалғаны белгілі болды.

Екіншіден, министрлік бюджеттік өтінімде қамтылған мәліметтер мен есептердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етпеген. Осылайша Бюджет кодексінің 67-бабының 12.12.1-тармағын бұзған. Бұл жалпы сомасы 291 млн теңгені құрайтын бюджет қаражатын негізсіз жоспарлауға әкеп соқты.

«ҚазҚСҒЗИ» нақты шығындарды талдау бойынша құрылыс нормаларын әзірлеуге кеткен шығынды 291 млн теңгеге артық бағаланған. Үшінші тұлғаларды тарту құны 60 мың болса, үй-жайды жалға алуға 20 млн теңге, жалақығы 163 млн теңге жұмсалды деп көрсетілген. Бірақ іс жүзінде мұны дәлелдейтін құжат жоқ», – деді Базарбек.

Үшіншіден, мемлекеттік аудит қорытындысынан түсінгеніміз, құрылыс кодексінің жобасын әзірлеуге сырттан ұйымдар тартылмаған. Қосымша үй-жайлар жалға алынбаған, 2023 жылдың мамыр-желтоқсан айлары аралығындағы штаттық қызметкерлерге еңбекақы негізсіз төленген. Жалпы алғанда құрылыс кодексінің жобасын әзірлеуге бюджеттік шығыстар жоспарланбаған.

«Яғни алдын ала сөз байласу арқылы бір топ тұлға аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырған», – деген депутат Премьер-Министрден бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жауапты тұлғаларды анықтауды сұрады.

Сонымен қатар ол Аудит комитетiнiң материалдарын Бас прокуратураға беруді ұсынды. Бұған қоса осыған қатысы бар лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту керек деп есептейді. Сонымен қатар жалпы сомасы 291 млн теңгені құрайтын негізсіз төленген бюджет қаражатын қайтару шараларын қабылдауды сұрады.

2023 жылы Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеуге бюджеттен 382,5 млн теңге бөлінген. Сол кезде Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев құрылыс кодексіндегі кемшіліктерді сынға алған еді.

Кейін Президент құрылыс кодексін қайта қарап, саладағы сыбайлас жемқорлыққа цифрлық теңге арқылы тосқауыл қоюды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз