Жаңалықтар

Жамбыл облысындағы «Томирис патшайымды» күтіп алған мектеп директоры мен аудан әкімінің орынбасары қызметінен кетті

Томирис патшайым Жамбыл облысында / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданындағы мектепте «Томирис патшайымды» ерекше құрметпен күтіп алған видеодан кейін, арнайы тексеру жүргізілген еді. Аудан әкімінің орынбасары мен мектеп директоры қызметінен кетті деп хабарлайды әкімдік.

Әкімдіктің мәліметінше, Тереңөзек ауылында Жамбыл атындағы мектеп ұжымының қатысуымен болған іс-шара бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті арнайы тексеру жүргізген.

Т. Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Ә.Терлікбаев, Жамбыл атындағы мектеп директоры Э.Зәкімбаева өз өтініштері бойынша қызметінен босатылды. Рысқұлов ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы мен Тереңөзек ауылдық округі әкіміне «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды», – делінген Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі жазбасында.

Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде «Томирис Патшайым» деп танылған бақсы әйелді мектепте құрмет көрсетіп қарсы алған видео тараған еді. Бейнеролик кадрларында әйелдің сәнді көйлек пен тәжге ұқсайтын бас киім киіп, мектепке келгені көрсетілген. Оны қарсы алуға жиналған адамдар қақ айырылып құрмет көрсетсе, оқушылар оның қызыл көйлегінің етегін жерге тигізбей көтеріп жүр.

Әлеуметтік желіде мұғалімдерден қонақты лайықты қарсы алу үшін төрт мың теңгеден ақша жинап, емшіге арнап концерт ұйымдастырғаны туралы да ақпарат тарады.