«Алтын алқа» алған аналарға мемлекет 27 321 теңге төлейді. Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева өз сауалында мұндай мөлшердегі қаражаттың күлкілі екенін айтты.
Депутаттың келтірген мәліметінше, қазіргі кезде елде 583 мыңнан астам көпбалалы отбасы тіркелген. Оның 90%-ы, яғни 525 мыңы 4- 5 бала тәрбиелеп отырған отбасылар екен. Мұндай отбасылардың үлкен баласы 18 жасқа толған соң, оқуға түсе алмаса, мемлекет барлық жеңілдіктерінен айырады. Осы орайда депутат көпбалалы аналарға ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтып, мұндай отбасыларға арналған мемлекеттік наградалар мен жеңілдіктерді қайтадан қарастыруды ұсынды.
Бірінші кезекте депутат «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» заңына өзгеріс енгізіп, «Көпбалалы аналарға арналған наградалар» бөліміне 4 және 5 бала туған немесе асырап алған көпбалалы аналарды «Қола алқа» наградасымен марапаттауды ұсынып отыр.
«Бұл жердегі басты мақсат – көпбалалы ана мәртебесін өмір бойы қылып бекіту», –дейді депутат.
Екіншіден, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқасымен жеті, алты бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар жетінші, алтыншы «баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте наградталады» деген шартты алып тастауды ұсынып отыр.
Депутаттың айтуынша, құжаттарды рәсімдеу уақыты созылып кететіндіктен, аналар алқаларын 1,5 – 2 жылдан кейін ғана алады екен. Депутат мұндай шарттың әділетсіз екенін айтады. Сол үшін бұл тәртіпті жеңілдетіп, дүниеге алты және жеті бала алып келген аналардың өмірін қиындатпау мәселесіне назар аударған жөн деп санайды.
Үшінші кезекте депутат елдің демографиялық ахуалына өз үлесін қосып жатқан аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін көбейтуді ұсынды.
«Алтын алқа», «Күміс алқа», «Қола алқа» ордендерімен марапатталған аналарға жәрдемақы мөлшерін көтеру және қосымша көптеген жеңілдікті ұсынған болатынбыз. Қазіргі уақытта «Алтын алқа» және «Күміс алқа» ордендері үшін жәрдемақы мөлшері тіпті күлкілі: жеті бала үшін – 27 321 теңге, ал алты бала үшін 23 629 теңгені құрайды», – дейді ол.
Танашева бұл бастаманың негізгі мақсаты – көпбалалы аналарға арналған марапаттарды жаңарту және олардың заманауи қоғамда лайықты құрмет пен қолдауға ие болуын қамтамасыз ету үшін көтеріліп отырғанын жеткізді.