Жаңалықтар

Қаланың дизайн коды бекітіледі, көшеде сыртқы жарнамаларға тыйым салынады: ҰЭМ Астана мен маңызы бар қалаларды дамытуға қатысты арнайы заң жобасын таныстырды

дизайн кодын
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде Астана қаласының дизайн кодын бекіту мәселесі талқыланды / Фото: kursiv.media

Астанада көшелер мен тротуарларда бейберекет жарнама орналастыруға және ашық кеңістіктерде аудио жарнама таратуға тыйым салынады. Бұл жайлы Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің жиынында айтылды.

Комитет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.

Бұл заң жобасы Астананың және республикалық маңызы бар Алматы мен Шымкент сынды қалалардың әлеуметтік экономикалық даму мәселелерін шешуді көздейді. Сонымен бірге заңда елорданың санитарлық қорғау жасыл аймағын басқару қағидалары мен сыртқы келбетінің бірыңғай дизайн кодын бекіту мәселесі қамтылған.

Заң жобасы арқылы қоғамдық орындарда жарнаманың жекелеген түрлеріне шектеулер енгізу, жер учаскелерін қайта рәсімдеу тәртібіне қатысты нормалар нақтыланады.

«Елорданың дизайн кодын бекіту үшін жарнама туралы заңға өзгеріс енгізіледі. Яғни ашық кеңістікте аудио жарнама таратуға, тротуарларда, веложолдарда, көшелерде сыртқы жарнама орналастыруға тыйым салынбақ. Бұл нормаларды әкімшілік кодекстің құқық бұзушылық туралы заңына енгізу көзделіп отыр», – дейді Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.

Сонымен бірге Астананың көші-қон тетіктерін реттеу, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы қызметке қойылатын талаптар да күшеймек. Заңда елордада тұрғын үйлерге шамадан тыс көп адам тіркеуді шектеу көзделіп отыр.

«Қазіргі уақытта халық ірі қалаларда өмір сүруге талпынады. Ол қалыпты жағдай. Алайда қаладағы халық санының көбеюі пәтерлерде тұрғындарды шектеусіз тіркеу проблемасына алып келеді. Мәселен, кейбір жағдайларда бір пәтерге 800-ге жуық адамды тіркеу жағдайлары кездескен. Осы мәселені шешу үшін «Халықтың көші-қон туралы заңына» Астана аумағында белгіленген нормативтерден артық тіркеуге өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл ретте тіркеу нормативтері тұрғын үйдің меншік иесінің жұбайына немесе жақын туыстарына қолданылмайды», – дейді министрлік өкілі.

Егер заңда бекітілетін бұл талаптарды тұрғын үй иесі бұзса, оларға екі есе көлемде айыппұл салу мәселесі де пысықталып жатыр.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласы бойынша, құрылыс жүргізетін компанияларға құрылысқа рұқсат алмай тұрып, жарнама жүргізуге тыйым салынады. Өйткені кейбір компаниялар жарнамаға тыйым салынбағанын пайдаланып, рұқсат құжаттарын алмастан, үлескерлерден ақша тарту үшін жарнамалай бастайды.

«Осы мәселені шешу үшін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заң шеңберінде құрылыс компанияларына тиісті рұқсат алғаннан кейін ғана көп пәтерлі тұрғын үй құрылысын жарнамалауға рұқсат беру көзделген. Бұл заңнаманы бұзғандар заң шеңберінде жауапкершілікке тартылады және айыппыұл көлемі де екі есе артады», – дейді Омарбеков.

Сонымен бірге Омарбековтің айтуынша, заңда құрылыс компанияларының тұрғын үй құрылысы аяқталған соң, пәтерді сату құзыретін басқа компанияға жүктеп, жауапкершіліктен қашуына тосқауыл болатын тетіктер де қарастырылған.