Камала Харрис Газа секторындағы атыстың дереу тоқтатылуын қолдайды: ол екі мемлекеттік формуласын ұсынды

Жарияланды
дебаты
Камала Харрис Газа секторында палестиналықтар көп қаза тапқанын айтты / Фото: shutterstock

АҚШ вице-президенті және Демократиялық партиядан президенттікке үміткер Камала Харрис Газа секторындағы соғысты деру тоқтату қажет екенін айтты. Ол екі мемлекет формуласын қолдайды.

«Соғыс аяқталуы тиіс. Дереу аяқталуы керек. Ол үшін бізге атысты тоқтатып, кепілге алынғандарды босату керек», – деді ол ABC News арнасында жүргізілген Республикалық партиядан президенттікке үміткер Дональд Трамппен дебат барысында.

Президенттікке үміткер Харрис Израильдің өзін қорғауға құқығы бар екенін, бірақ оның кез-келген жолмен қорғануы дұрыс емес екенін жеткізді. Себебі Израильдің Газадағы әскери операциялары салдарынан көптеген жазықсыз палестиналық қаза тапты. Вице-президент жергілікті халықтың жазықсыз қырылуын тоқтату қажет деп санайды.

Вице-президент Газа секторындағы соғыстың аяқталуын қамтамасыз ету үшін «тәулік бойы жұмыс істеуге» дайын екенін жеткізді.

«Біз бағытымызды екі мемлекеттің (Израиль мен Палестина елдері) бірге тату өмір сүру формуласына қарай белгілеуіміз керек. Бұл орайда Израиль халқының және жалпы Израильдің қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі маңызды. Дәл солайша палестиналықтардың да қауіпсіздігі де қамтамасыз етілуі керек», – деді Харрис.

Сонымен бірге Харрис Иразильдің қауіпсіздігіне қатысты қол ұшын созуға дайын екенін, бұл елді Иран мен оның сенімді өкілдерінен төнетін қауіптен қашан да қорғайтынын, көмегін аямайтынын мәлімдеді.

Вице-президенттің бұл сөзінен кейін, Дональд Трамп Харристің Израильді жек көретінін, ол президент болса, ондай елдің жер бетінен жойылатынын айтты.

«Ол Конгреске өте маңызды мәселені көтеруге барғанда, Нетаньяхумен кездесуді қаламады. Өйткені ол Израильді жек көреді. Егер ол президент болса, Израиль екі жыл ішінде жоқ болып кетеді деп ойлаймын», – деді АҚШ-тың бұрынғы президенті.

Трамп дебат барысында Газа секторындағы қақтығысты шешуге қатысты нақты ұсыныстар жасамады. Тек билікке келсе, ешқандай қақтығыс болмайтынына уәде берді.

«Мен мұны тез шешемін», – деді ол.

Еске сала кетсек, шілде айында Байден президенттік сайлауға қатыспайтынын мәлімдеп, орнына Камала Харристі ұсынды. Бірнеше күн өткен соң, АҚШ-тың вице-президенті Камала Харрис президенттік сайлауға түсетінін ресми түрде мәлімдеді.

Камала Харрис ұлттық сауалнама нәтижесінде президенттікке үміткер Дональд Трамптан 2% алда болған. Reuters/Ipsos жүргізген сауалнамада Камала Харрис 44% жинаса,  Дональд Трамп 42 пайыз дауыс жинаған.

Сондай-ақ оқыңыз