Мәжіліс депутат Магеррам Магеррамов ауыр қылмыс жасаған жасөспірімдерді 12 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды. Ол әскердегі бассыздық мектептегі буллингтен басталатынын айтады.
«Қазақстан Халық партиясының» парламенттік фракциясы әскеріміздегі өлім-жітімге, дені сау, мықты жігіттердің қаза табуына және мүгедек болып қалуына себеп болатын жағдайлардың мектептегі буллингтен, зорлық-зомбылық пен бандитизмді, қылмыстық өмір салтын романтизациялаудан туындайды деп санайды. Деструктивті мектеп жағдайында тәрбиеленген балалар әскер қатарына келген соң, өздерінің қылмыстық әрекеттерін жалғастырады», – дейді депутат.
Магеррамов жасөспірімдердің криминогендік мінез-құлқының қалыптасуына моральдық, құқықтық және басқа да әлеуметтік қорғау нысандарының біртұтас тәрбиелеу жүйесінің болмауы ықпал ететінін айтады. Депутат бұл орайда баланы қоғамға бейімдейтін орта мектеп болғандықтан, өскелең ұрпақтың деструктивті мінез-құлқының алдын алуда ұстаздардың рөлі зор екенін айтып, мұндай зорлық-зомбылық болашақта үлкен қатерге әкелмеуі үшін онымен ертеден күрсеу қажет деп санайды.
«Зорлық-зомбылықты түп-тамырымен жою керек. Бүгінгі күні агрессорлар жасының жетпегеніне байланысты жазасыз қалып отыр. Бәлкім, біз, заң шығарушылар, Ұлыбританиядан үлгі ала отырып, кейбір қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартудың шекті мәнін қайта қарап, жауапкершілікті 14 жастан емес, 12 жастан бастап енгізгеніміз дұрыс шығар», – дейді ол.
Бұл орайда Магеррамов зорлау сынды ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды ұсынып отыр. Ол уәкілетті органның тек оқу-тәрбие үдерісіне ғана емес, сонымен қатар балалардың моральдық-этикалық мінез-құлқы мен өскелең ұрпақтың эмоционалдық-психологиялық тұрақтылығы мәселелеріне де ерекше назар аударуы қажет деп санайды. Бұл орайда депутат мәдениет министрлігі тарапынан балалар мен жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған жұмыстар жүргізілмейтінін де атап өткен.
«Білім беру мекемелерінің жасөспірімдердің қылмыстық мінез-құлқының алдын алу мен анықтауға деген көзқарасын түбегейлі өзгерту керек деп есептейміз. Біз Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан балалар мен жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығын дәйекті, сенімді қорғауға бағытталған әлеуметтік институт ретінде отбасының әлсіреуін тоқтататын біртұтас жұмыстың жоқтығын байқаймыз. Бүгінгі күні бізде уәкілетті органдардың бұл проблемаларды шешуде кешенді көзқарасы жоқ, егер бар болса, ол формальды сипатқа ие»,– дейді депутат.
Қылмыстық жауапкершілікке тартуда Ұлыбританиядан үлгі алуды ұсынып, балаларды буллингтен қорғауда Жапония тәжірибесіне сүйену қажет деп санайды. Айтуынша, Жапонияда Білім министрлігі балалар үшін қауіпсіз ортаны құру үшін ересектердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған арнайы зорлық-зомбылықпен айналысатын кеңес құрылған. Ол үшін педагогтер қорлаудың әрбір жағдайына барынша назар аударып, мұқият тексеруі керек болады. Ал психологтар балалардың психоэмоционалдық жағдайына кәсіби қолдау көрсетсе, ата-аналар мен қамқоршылар буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік жүйемен белсенді түрде байланыс орнатады.
«Біз кәмелетке толмағандарды құқықтық тәрбиелеуде зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін осындай ерекше тәсілдер ұсынып отырмыз. Оны барлық мүдделі мемлекеттік органдар әртүрлі деңгейде егжей-тегжейлі пысықтауы керек», – деді депутат.