АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтонии Блинкен Киевке келді. Қасына Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Леммиді ерте келген. Соғыс басталғалы бері екі елдің дипломатиялық ведомство басшылары Киевке алғаш рет бірге сапарлап отыр. Олар Польшаға дейін ұшақпен, содан кейін Украина астанасына пойызбен жеткен.
Сапардың мақсаты не?
Блинкен Киевке келген сапарында майдандағы ахуалмен танысып, қыс мезгілі жақындап келе жатқанын ескере отырып, Украинаға қажет нәрселерді талқыламақ. Бұл туралы онлайн брифинг кезінде АҚ үйдің кеңесшісі Джон Кирби мәлімдеген.
Оның сөзіне сенсек, АҚШ дипломатиясының басшысы осы сапар арқылы Ресей басып алған аумақтарды қайтаруға және қорғауға бағытталған Украинаның күш-жігерін АҚШ-тың қолдайтынын растайды.
Сондай-ақ Киевте Владимир Зеленскийдің бейбіт ұсыныстарын ілгерілету туралы келіссөз жүрмек.
«Сөз жоқ, келіссөз арқылы (соғысты) аяқтау – бұл жағдайда ең ықтимал нәтиже. Бірақ оның қашан, қалай, қандай талаптар, шарттармен болатынын президент Зеленский шешеді», – деді Кирби.
Сонымен қатар Блинкен мен Лемми Украина үкіметінің бірқатар шенеунігімен кездесуді жоспарлап отыр.
Батыс қаруымен Ресейдің ішкі аймақтарын атқылауға қойылған шектеу алынып тастала ма?
АҚШ пен Ұлыбританияның сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Киевке сапары алдында Лондонда бірлескен баспасөз мәслихатын өткізген. Онда Блинкен Украина үшін сын сағат тұста сапарға шыққанын мәлімдеген еді.
Жиында Иранның Ресейге қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандар жеткізгенін растаған еді. Мәскеу ол зымырандарды бірнеше аптада Украинаға қарсы қолдануы мүмкін екенін айтқан. Бұл үшін Тегеранға қарсы санкция салынатынын жеткізген.
Энтони Блинкен Лондонда Ресейдің ішкі аймақтарындағы әскери нысандарды атуға қойылған шектеуді алып тасталуы мүмкін екенін тұспалдаған. «АҚШ президенті Джо Байден мұны «терістемейді» деген еді ол. Артынша Джо Байден АҚШ-тың Украинаның қарулы күштері үшін «осы тыйымды алмастыру жайында жұмыс жасалып жатқанын» айтқан.