Олимпиадаға жалғыз барған қырғыз боксшысына көмектескен өзбек бапкеріне Садыр Жапаров көлік мінгізді
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзбекстандық бокс бапкері Акмал Хасановқа олимпиаданың күміс жүлдегері Мұнарбек Сейітбекұлының жеңісіне үлес қосқанына ризашылығын білдіріп, автокөлік сыйлады.
Садыр Жапаровтың айтуынша, қырғыз боксшысы Мұнарбек Сейітбекұлы қолдауға аса зәру болып тұрғанда Акмал Хасенов қолдан келген көмегін аямай қаһармандық жасаған.
«Бұрын біздің ата-бабаларымыз батырлардың астына ат мінгізетін. Қазір автокөлік сыйлайтын болдық. Бірақ одан дәстүріміз еш өзгермейді. Бұл сіңірген еңбегіңізге деген құрметімізді және алғысымызды білдіреді», – деді қырғыз президенті.
Садыр Жапаровтың пікірінше, Акмал Хасанов Қырғызстан мен Өзбекстан халықтарының достығы мен бірлігін паш еткен.
«Орталық Азия елдері халықтарының бірін-бірі қолдайтынын, ынтымағы мен достығын бүкіл әлем көрді. «Спорт – бейбітшіліктің елшісі» деп аталады. Сіз өзіңіз үлгі көрсетіп, өзара татулыққа көп үлес қостыңыз. Бірлігіміздің тек қана беки түскенін тілеймін», – деді Садыр Жапаров.
Сондай-ақ, қырғыз президенті олимпиада өзбек спортшыларының жақсы нәтиже көрсеткенін атап өтті. Акмал Хасанов болса, жылы лебізіне алғыс білдіріп, қырғыз спортшыларының келесі олимпиадада алтын медаль алуына тілектестік білдірді.