Алматыда мектеп асханаларын тексеріп, тамақтану сапасын бақылайтын мониторингтік комиссия құрылмақ. Бұл туралы мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі кеңес барысында Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова хабарлады.
Ыстық тамақтандыруды ұйымдастыру және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша мониторингтік топ құру туралы бұйрық бүгін бекітілуі тиіс.
Комиссия ведомствоаралық сараптама тобынан құрылып отыр. Оның құрамына қала басшысының орынбасары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, қаланың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау өкілдері, медицина қызметкерлері, мектеп әкімшілігі және ата-аналар қауымдастығы өкілдері кірмек.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлының айтуынша, Алматыда 328 мектеп бақылауға алынған. Оның 322-сінде ыстық тамақ беріледі, қалғандарында буфет жүйесі жұмыс істейді.
«215 мемлекеттік мектептегі асханалар жеке кәсіпкерлерге жалға берілді. Бүгінгі таңда білім басқармасының мәліметінше, 54 мектептің асханаларын жалға алушылар ауыстырылды. Жалға алушылар объектінің санитариялық қағидалар талаптарына сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны уақтылы алуы тиіс», – деп атап өтті Қасымхан Алпысбайұлы.
Кеңес отырысында Қазақ тамақтану академиясының мектептегі тамақтану жөніндегі маманы Вероника Уливанова мектеп асханаларының өндірістік үй-жайларының санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкестігін бағалауды, тамақ өнімдеріне микробиологиялық зерттеулер жүргізу ұсынатынын айтты.
«Қаланың 3 мектебінде буфет өнімі бар пилоттық бағыт аясында ашытылған сүт өнімдері, ет өнімдері, жемістер мен шырындар қосылған бутербродтар мен орамдары бар түскі ас пакеттерін шығару жоспарланып отыр», – деді Вероника Уливанова.
Комиссияның қорытындылары 25 қыркүйекке дейін шығарылуы тиіс.
Алматыда 133 мыңнан астам оқушы тегін тамақ ішеді. Яғни мектептердің 45,3 %-ы тегін тамақпен қамтамасыз етілген.
Мұның алдында Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында мектепте 466 оқушы тамақтан ұшынып қалған еді. Дереу 96 бала ауруханаға жатқызылған-ды. Қазір 43 бала сауығып, үйлеріне қайтқан. Бірақ әлі 53 бала стационарда ем алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы тұрақты. Өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Балаларды емдеуге Астана медициналық университетінің инфекционистері мен гастроэнтерологтары, Денсаулық сақтау министрлігі Шұғыл медицина ұлттық үйлестіру орталығының мамандары тартылды.