«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Васильевті ақтап сөз айтты. Партияның Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдағанын айтты. Құзырлы орган орынбасарының «пара алды» деген күдікпен ұсталғанын ресми растаған.
«БАҚ-та жарияланғанымен, ресми түрде ақпарат болмады. Жұма күні сауал жолдап, кеше ресми жауап алдық. Иә, Васильевті ұстаған. Кеше оның адвокаттарымен хабарласуға ұмтылдық. Бірақ сөйлесе алмадық. Оларды бүгін-ертең табамыз деп үміттенемін. Қорғаушылардан ақпарат аламыз. Сонда не болып жатқанын білетін боламыз. Қызметтік хат жазысу таралып кеткен сияқты. Ұлттық гвардияның лауазымды тұлғасы пара алды деп жатыр. Бірақ әңгіменің не жайында екенін түсіну қажет. Егер бір адамды пара беруге мәжбүрлесе, онда ол қылмыскер емес. Параға кім бастама көтергенін анықтау керек. Бәлкім, Васильевтің өзі бопсалаудың құрбаны болған шығар», – деді Азат Перуашев.
Мұның алдында Ұлттық гвардияның Бас қолбасшысы орынбасарының ұсталғаны туралы жайлы ақпарат әлеуметтік желіде тараған еді. Генерал-майор Константин Воронкин мен «Ақ жол» партиясының төрағасы орынбасары Дмитрий Васильевтің де аты-жөні аталған.
Әлеуметтік желідегі таралған хабарға қарағанда, Ұлттық гвардияның Бас қолбасшысының орынбасары бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Дмитрий Васильевтен пара алғаны жөнінде жазылған еді.