Анкара Могадишомен Сомали жерінде әскери және ғарыш зымырандарын сынақтан өткізу үшін ұшыру алаңдары құрылысы жөнінде келіссөз өткізген деп хабарлайды Bloomberg.
Бұл ақпарат көзінің хабарлауынша, Түркияның баллистикалық бағдарламасы өте алыс қашықтықты талап етеді. Үнді мұхитына ұшыру үшін Африканың шығысындағы Сомалидің орналасқан жері дәл келеді. Басқа елдерге немесе адамдар тұратын аймақтарға баллистикалық зымырандардың қалдықтарының құлау қаупін болдырмайды.
Оның үстіне, Сомали экватордан шалғай жатқан жоқ. Бұл – ғарыш айлағын салып, ғарыш зымырандарын ұшыруға таптырмайтын жер. Сонымен қатар олардың ұзаққа ұшуы мен тиімділігін арттыру сынақтарын жүргізуге ыңғайлы. Түрік шенеуніктері «Сомали Түркияның ұсынысын қабыл алады» деп сенім білдірген.
Bloomberg-тің пікірінше, Түркия ғарышты бағындыру жарысына қатысуға бұрыннан ұмтылып жүр. Бұған дейін ғарыш саласы тек қана әлемдік державалар ғана үстемдік жүргізіп келген-ді.
Анкара 2011 жылдан бері қорғаныс және инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастықтың арқасында Сомалиде өз ықпалын кеңейтіп жатыр. 2017 жылы Түркия Могадишода шетелдегі ең ірі әскери базасын ашқан. Онда жүздеген түрік әскерилері сомалилік әріптестерін ұрыс жүргізу ісінің қыр-сырын үйретуде.