Қазақстан ұлттық құрамасының медаль қоржынында жүлде молая түсті. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының төртінші жарыс күнінде 6 алтын, 7 күміс, 8 қола жеңіп алды. Жалпы есепте 27 алтын, 17 күміс, 25 қола жүлде бар. Бұл жөнінде Туризм және спорт министрлігінің «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» хабарлады.
Сонымен көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Ресейді 18-2 есебімен жеңіп, финалға шықты. Ақтық ойында Қырғызстаннан келген көкпаршылар қазақ жігіттерімен сынға түседі. Жарыс «Қазанат» ипподромында өтеді.
Көкпаршылар жарыстың алғашқы күні өзбекстандық қарсыластарын 16:0 есебімен жеңіп, жарыс жолын сәтті бастаған еді. Финал 12 қыркүйекке жоспарланған.
Көк бөріден Қазақстан командасы Түркия құрамасын 15-1 есебімен ұтты. Енді Қырғызстан командасымен кездесіп, алтын жүлдені сарапқа салады.
Ипподром маңындағы этноауылда жамбы ату аяқталды. Жамбы стилінен Батыр Бексауыт күміс жүлдеге ие болды. Ұлттық құрама спортшылары жалпы екі алтын, екі күміс, екі қола иеленіп, командалық есепте бірінші орынға жайғасты.
«Этноауылда powerful nomad спортынан абсолютті салмақ дәрежесінде Азамат Мақұлбеков алтын жүлде алды. Ол 16 елден келген 16 спортшының ішінен үздік нәтиже көрсетті», – деп хабарлады «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» баспасөз қызметі.
«Арғымақ» ат-спорт кешенінде садақшылар «Жамбы» нысанасы бойынша сынға түсті. Жәнібек Құлмырзаев пен Бақберген Сәлімов қола жүлдеге ие болды. Дәстүрлі садақ атудан жарыстың алғашқы күні «Пута» нысанасы бойынша Айкөркем Батихан мен Қасымхан Қанат қола жүлде алса, Жәнбек Құлмырзаев алтын жүлде иеленді. Ал «Қалқан» нысанасынан өткен бәсекеде Ербол Тәпенов күміс жүлдеге, ал Қасымхан Қанат қола жүлдеге ие болды.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қырғыздың ұлттық белбеу күресі – алыштан жарыс аяқталды. Ерлер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде Тұрмаханбек Қалмұқан және 100 келі салмақ дәрежесінде Бекбол Нұрланұлы күміс жүлде алды. Нұржан Сәрсенғалиев (70 келі) пен Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі) қола жүлдеге ие болды. Әйелдер арасында 75 келіде Перизат Жақыпбекова күміс жүлдеге ие болса, 55 келіде Назерке Әбілтаева, 60 келіде Арайлым Ракиш және 65 келіде Айнұр Ақжігітова қола жүлде алды.
«Алау» мұз сарайында арқан тартыстан жарыс өтті. Қазақстан ерлер құрамасы да, әйелдер құрамасы да финалда ресейлік спортшылардан жеңілді. Екі команда да күміс жүлдеге ие болды. Осы сарайда ерлер арасында асық ату мен әйелдер арасында бес асықтан финалдық ойындар өтті. Асық атудан ерлер құрамасы Қырғызстан құрамасын жеңіп, алтын жүлдеге ие болды. Ал бес асық сайысында Қазақстан әйелдер құрамасы Ресейден басым түсіп, жеңіске жетті.
«Думан» қонақүй және спорт кешенінде тоғызқұмалақ ойыны қорытындыланды. Ұлттық құрама спортшылары жекелей сында екі алтын, бір күміс, бір қола иеленіп, командалық есепте алтын жүлде алды. Қыздар арасында Мөлдір Серікқызы алтын жүлдеге ие болса, Аңсаған Қожанәсіп күміс жүлде еншіледі. Ерлер арасында Бексұлтан Бостандықов алтын алса, Ерсұлтан Әуелбай қола жүлде иеленді.