Жаңалықтар

Алматы әкімдігі «жасыл» облигация шығарып, тартылған қаржыға LRT мен BRT желісін салмақ

LRT, BRT құрылысына қаржы қайдан алынады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы қаласы әкімдігі 200 млн долларға «жасыл» облигация шағарады. Тартылған қаржы шаһарда LRT, BRT бірінші желісін салу, 10 троллейбус қосалқы станциясын жаңарту мен 100 электробус алуға жұмсалады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы әкімдігі, Түркия және Орталық Азия бойынша халықаралық қаржы корпорациясы (International Finance Corporation, IFC) келісімге қол қойған.

«Мандаттық хатқа сәйкес IFC Алматы әкімдігінің «жасыл» облигацияларын 200 млн долларға дейін сатып алуға қатысуға дайын, бұл қаржы LRT, BRT бірінші желісін салуға, 10 троллейбус қосалқы станциясын жаңартуға, 100 электробус және басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға жұмсалады», – делінген хабарламада.

«Жасыл» облигацияларды IFC жобаларды бағаланнан кейін, 2025 жылы шығару жоспарланған.

Қала әкімі Ерболат Досаев былтыр Президентке берген есебінде 2025-2026 жылдары мегаполисте  LRT, BRT желілері қосылып, жаңа метро станциялары пайда болатынын мәлімдеген.

Әкімнің айтуынша, 2024 жылы, яғни биыл Райымбек даңғылындағы BRT пилоттық дәлізінің құрылысы басталуы тиіс еді. Ал екінші кезең барысында, 2025-2026 жылдары LRT көлік дәліздерінің саны 10-ға дейін жетіп, ұзындығы 26 км болатын бірінші LRT желісі іске қосылатынын айтқан. Ол желі батыс жақтан қала орталығына барады. Сонымен бірге Алматы-1 және Алматы-2 станциялары жер үсті метрополитенін қосады.

Одан бөлек, 2025 жылы «Қалқаман» станциясының құрылысын аяқтау жоспарланған. Қаланың батысындағы «Барлық» базарына дейін 3 жаңа станцияның жобалау-сметалық құжаты жайындалып жатуы керек.

2023 жылы бұл құрылыстарды  Азия Даму Банкі қыржыландыратыны хабарланған еді. АДБ президенті Масацугу Асакавамен кездесуде Ерболат Досаев жасыл экономика жобаларын іске асырудағы ынтымақтастықты талқылаған.

Биыл Алматы әкімдігі қалалық LRT-ны жобалауға 344 млн теңге бөліп, конкурс жариялады. Құжатқа сәйкес, әлеуетті жеңімпаз компания Алматының LRT жүйесін құруға бағытталған жобалау-іздестіру және құрылыс монтаждау жұмыстарын жасауы тиіс.