Қазіргі кезде өндіріліп жатқан сұйытылған көмірсутек газдың көлемі Батыс Қазақстан облысының қажеттіліктерін толығымен жабады. Ал артылған мөлшерін еліміздің басқа өңірлеріне жеткізуге де мүмкіндік бар.
Бұл жөнінде мұнай-газ саласындағы отандық және шетелдік компаниялардың акционерлерінің бас қосуында айтылды. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Ол «Урал Ойл энд Газ» ЖШС (ҚМГ, MOL Group және First International Oil Corporation бірлескен кәсіпорны) акционерлерінің өкілдерімен кездесті.
Асхат Хасенов MOL Group барлау және өндіру жөніндегі атқарушы вице-президенті Жомбор Мартонмен және Sinopec компаниясының шетелдік жобалар жөніндегі вице-президенті Чжао Гуанминмен газ өндірісін арттыру жөнінде пікір алмасты.
Жасыратыны жоқ, ішкі нарықтағы тауарлық газға деген сұраныс артып келеді. Акционерлер оны қанағаттандыру мақсатында газ өндіру көлемін ұлғайтудың маңыздылығына ерекше тоқталып отыр. Ол үшін нақты қадамдар керек. Соның бірі – «Рожков» кен орнын игеру жобасы. «Урал Ойл энд Газ» – оның операторы.
Бизнес-серіктестер бас қосу барысында бұл жобаның екінші кезеңін іске асыру мәселелерін пысықтап талқылады. Айталық, УОГ басшылығына ұңғымаларды консервациядан шығару жұмыстарын жеделдету тапсырылды.
Айта кететін жайт, «Рожков» газ конденсатты кен орны (Батыс Қазақстан облысы) 2023 жылдың 21 желтоқсанда өнеркәсіптік пайдалануға берілген.
«Орал Ойл энд Газ» ЖШС үлескерлері – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (50%), Мажарстанның MOL Caspian Oil and Gas Plc. (27,5%) компаниясы және Қытайдың First International Oil корпорациясы (22,5%) — Sinopec еншілес компаниясы. Кен орнының газ қоры — 26,9 млрд текше метр, конденсат-12,5 мың тонна. Жылдық газ өндірудің жоспарланған максималды көлемі — 1 млрд текше метр, ал конденсат — жылына 500 мың тоннадан астам.