Семей Ресейдің емес, Қазақстанның газымен қамтылуы мүмкін
Абай облысына қазақстандық газ құбыры тартылуы мүмкін. Бұл туралы өңір тұрғындарымен кездесуі барысында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты.
«Еліміздің шығыс бөлігін газдандыруға келетін болсақ, Энергетика министрлігі екі жолды қарастыруда: аймақты өз газымен қамтамасыз ету немесе Ресей Федерациясынан келетін газ бағыты», – деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.
Бұл ретте, өткен жылы Ресейден Қазақстан Республикасы арқылы Қытайға транзиттік газ құбырын тарту арқылы елдің шығысы мен солтүстік-шығысына ресейлік газды жеткізу мүмкіндігі қоғамдық кеңістікте талқыланды.
Есімхановтың айтуынша, енді Семей мен облысқа газ тарту бұған дейін Астанадан Көкшетау мен Петропавлға дейін созылады деп жоспарланған «Сарыарқа» газ құбырын («Қызылорда-Жезқазған-Теміртау-Астана») жалғастыру арқылы іске асырылуы мүмкін.
«Қызылорда-Жезқазған-Теміртау-Астана» газ құбырының бірінші кезеңінің ұзындығы 1081 шақырымды құрайды. Екінші кезеңде Астанадан Көкшетауға «көгілдір отын» тарту, үшінші кезеңде – Петропавл, төртінші кезеңде – Жезқазған және Теміртау компрессорлық станцияларының құрылысы қарастырылған. Құрылыстың бірінші кезеңінің жалпы құны (Астанаға) 267,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 51 млрд теңгені Қазақстанның Даму банкі жылдық 10%-бен 10 жылға, 80,3 млрд теңгесін қарыз алушының өзі бөлсе, ал қалған соманы Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) берген.
«Бағыттардың бірі – «Сарыарқа» газ құбырының екінші және үшінші кезеңдерінің құрылысы. Дегенмен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын ұлғайтқанда ғана бұл жобаны жүзеге асыруға болады. Сондықтан «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының барлық кезеңі мен «Бейнеу – Бозой – Шымкенттің» екінші желісінің құрылысы бір уақытқа жоспарланған. Газ тарту бойынша жоспар осындай. Бірақ келіссөздер уақытты талап етеді», – деді вице-министр.
Еске сала кетсек, Энергетика министрлігі «Рудный – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен – Зайсан» бағытындағы газ құбырының құрылысына 778 млрд теңге жұмсалатынын хабарлаған. Бұл құбырмен Қазақстанның батыс өңірінен шығысына газ жеткізу жоспарланған. Ведомство екінші нұсқа ретінде Ресей Федерациясынан газ тарту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлады.
Бір қызығы, Алмасадам Сәтқалиев те 2023 жылы жазда Павлодар облысына жұмыс сапарында дәл осы сөздерді қайталаған. Сәтқалиев Екібастұз қаласының тұрғындарымен кездесуде аймаққа газ жүргізуге қатысты екі нұсқа қарастырылып жатыр деген.