Жаңалықтар

Алматыда қала күніне байланысты Төле би көшесінің бір бөлігі жабылады

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматы қаласында 12 қыркүйектен бастап 16 қыркүйекке дейін Төле би көшесі Панфилов көшесінен Абылай хан даңғылына дейінгі аралықта көлік қозғалысы шектеледі. Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, 12-16 қыркүйек аралығында Астана алаңында қала күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға дайындық жұмыстары жүргізіледі.

«Түсіністік танытып, жол жүру бағытын алдын ала ойластыруларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз», – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда қала күніне орай 150-ден астам мерекелік іс-шара өтетіні туралы жазған едік.

Қала күнін мерекелеу аясында 14 қыркүйек күні сағат 16:00-де «Астана» алаңында LuxFM радиостанциясының фестивалі өтеді. Сахнада Мирас Жүгінісов, Айқын Төлепберген, Jazzdauren, Adam және басқа да танымал артистер өнер көрсетеді. Кештің басты қонағы – Грэмми сыйлығының иегері, продюсер DJ Imanbek.

Сондай-ақ «Астана» алаңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен Almaty Cover Show өтеді. Концерт 17:00-де басталады, оған Нағима Есқалиева, Мейрамбек Беспаев, Kalifarniya, RaiM, Нұрлан мен Мұрат, ARO, Ерболат Құдайберген, Қайрат Түнтеков, Еркін Нұржанов, Айдар Тұрғанбай және т.б. артистер қатысады.

Сонымен қатар мерекелік іс-шаралар қаланың барлық ауданында өтеді. Басқа да іс-шаралар жоспарының толық нұсқасы Алматы қаласы әкімдігінің сайтында, сондай-ақ әкімдіктің Instagram парақшасында, Алматы Мәдениет басқармасы мен аудандық әкімдіктердің ресми парақшаларында жарияланған.