Жаңалықтар

Бас прокуратура референдумға қатысты заңсыз сауалнама жүргізген алты адамды анықтады

Референдумға қатысты заңсыз сауал жүргізген алты адам анықталды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жариялай отырып, 6 қазан күні өтетін референдумға қатысты заңсыз сауалнама жүргізуге заңмен тыйым салынғаны туралы ескертті.

«Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 2024 жылы 6 қазанда «Сіз Қазақстанда атом электр станциясының салуға келісесіз бе?» деген сауалға республикалық референдум өтеді. Оны әзірлеу мен өткізу тәртібі «Республикалық референдум туралы» және референдум туралы заңнамаға қайшы келмейтін бөлігінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңдарымен реттеледі. Атап айтқанда, республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкес оған дайындық пен өткізу кезеңінде жүруі тиіс», – деп жазады Бас прокуратура.

Бас прокуратураның мәліметінше Орталық референдум комиссиясын алдын ала ескертпей, 6 жеке тұлға және 2 заңды тұлға сауалнама жүргізген.

«Орталық референдум комиссиясын алдын ала ескертпей, 6 жеке тұлға және 2 заңды тұлға сауалнама жүргізген. Аталған фактілер бойынша прокуратура органдары 4 азамат пен 2 заңды тұлғаны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартты, оларға айыппұл салынды», – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 6 қазанда АЭС салу бойынша республикалық референдумды өткiзу туралы жарлыққа қол қойды.