V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақ көкпаршылары чемпион атанды
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Астанадағы «Қазанат» ипподромында көкпардан финал өтті. Ақтық сайыста Қазақстан құрамасы Қырғыстаннан келген көкпаршылармен бақ сынасты.
Ойын есебін алғашқы болып Қазақстан құрамасы ашты. Бірақ қырғыз көкпаршылары одан кейін есепті 3:1-ге жеткізді. Бірінші тайм аяқталғанда, Қырғызстан құрамасы алда болды. Екінші кезең басталғанда, Қазақстан құрамасы қатарынан 2 салым салып, есепті теңестірді.
Кезеңнің аяқталуына 8 минут қалғанда есеп 4:3 болып, Қазақстан алға суырылып шықты. Алайда соңғы минутта қырғыз спортшылары есепті теңестіріп үлгерді. Екінші кезең тең ойынмен, яғни 4:4 есебімен аяқталды.
Жарыс тағдыры қосымша берілген 10 минутта шешілді. Команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек салым салып, 5:4 есеппен қазақ көкпаршыларына жеңіс сыйлады.
Айта кетейік, көкпарға 9 мемлекет – Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай, Моңғолия мен Түркия командалары келді.
Жалпы есепте Қазақстан 28 алтын, 17 күміс, 25 қола жүлдемен бірінші орында тұр.