«Сары Арқа» тау-кен компаниясы Ақтөбеде никель мен кобальт өндірмек

Жарияланды
shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

«Сары Арқа» тау-кен компаниясы 2025 жылы Ақтөбе облысындағы Бөгеткөл кенішінен никель мен кобальт өндіруді жоспарлап отыр.

«Жалпы сипаттамасы – Ақтөбе облысы Бөгеткөл кенішінің никель-кобальт кенін өндіру және гидрометаллургиялық зауыт өндірісінің қалдықтарын жинау үшін қалдыққойманың бірінші кезектегі құрылысы», – деп көрсетілген өтініште.

Бөгеткөл Әйтеке би ауданында Ақтөбе қаласынан 270 шақырым жерде орналасқан. Тау-кен телімі – 2,772 шаршы шақырым.  

Кеніштің екі карьерінде ашық тәсілмен жылына 770 мың тонна көлемінде кен өндірмек. 35 метр тереңдіктен қазылады. Қалдыққойманың сыйымдылығы – 7,3 млн шаршы метр.

Никель-сулфатын өндіру өндіретін гидрометталлургиялық зауыт салу жоспары Қазақстан даму банкінің қаралуына шығарылған.

Жоба никель-кобальт кенін өндіру және өңдеуді және «Сары Арқа» тау-кен компаниясы» ЖШС ресурстық базасын дамытуды қарастырады. Өндірілген өнімді ішкі нарықта және шетелге сату жоспарланып отыр. Кеніштің анықталған қоры –  251 221 мың тонна никель және 13 675 мың тонна кобальт. Қордың көлемі концентраттарды Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония және басқа елдерге экпортқа шығаруға мүмкіндік береді. Қытай – никель, никель концентранттарын, кобальт және оның концентранттарының басты импортаушысы.

«Сары Арқа» тау-кен компаниясы» ЖШС 2009 жылы тіркелген. Компания басшысы – Марат Жакупов. Оның атына тағы бір «KAZCOBALT»  атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген. Бизнес-аналитик сайтында, «Сары Арқа» тау-кен компаниясы» ЖШС мемлекеттің және шетелдің қатысуынсыз меншікті мекеме ретінде көрсетілген. Құрылтайшыларының тізімінде төрт адам бар. Олар – Дуйсебаев Олжас Бауржанович, Жакупов Рустем Асхатович, Абдикаримова Динара Саменовна, Кесикбаев Бисултан Жаббаргалиевич.

Негізгі қызметі никель-кобальт кенін өндіру және байытумен қатар, мұнай және ілеспе газдарды өндірумен айналысады. 2021 жылы 2 394 923 теңге, 2022 жылы 3 933 054 теңге, 2023 жылы 3 338 418.5 теңге салық төлеген. Бағаланған жылдық түсімі (2022 жылы) – 1 570 655 408 теңге.

Қазақстан инвестициялық жобалардың ұлттық пулында 2023-2026 жылдар аралығында никель өндіру жобасының құны 246 525 млн теңге деп көрсетілген. Бұл сала бойынша 500 жұмыс орны ашылмақ. Ал никель-кобальт кендерін өңдеу зауытын салу жобасына 450 000 млн теңге салынбақ.

Сондай-ақ оқыңыз