Жаңалықтар

2024 жылдың басынан бері 340 ата-ана құқығынан айырылған

2024 жылдың басынан бері 340 ата-ана құқығынан айырылған / Фото: elements.envato.com; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Елде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдады. Балаларға қатысты қатыгездік танытқан ата-аналарды құқығынан айыру тетіктері де іске қосылды. «Курсив» заңның ата-ана құқығынан айыру жағдайларына қалай әсер еткенін анықтау үшін Ішкі істер министрлігіне сауал жолдаған болатын.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 2024 жылы 340 ата-ана, 2023 жылы 380 ата-ана құқығынан айрылған. Яғни заңның қатаюы статисткалық көрсеткіштерге әсер етпеген. Оған себеп, әр жағдай мұқият тексеріліп, ата-ана құқығынан айыру процесі ұзақ жүргізіледі.

«Ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстер ата-аналардың бiреуiнiң немесе баланың басқа да заңды өкілдерінің, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жөнiндегi мiндеттер жүктелген органдардың немесе ұйымдардың өтініштері, сондай-ақ прокурордың талабы бойынша қаралады»,- делінген министрлік жауабында.

Сонымен бірге ата-ана құқығынан айыру туралы iстер прокурордың және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қатысуымен қаралады. Егер істі қарау барысында ата-аналардың iс-әрекетiнен қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері байқалса, сот жеке қаулымен прокурорға тиісті шараларды жүргізуге қатысты нұсқама береді.

Ата-ана құқығынан айыру процесі мынадай жағдайларда іске қосылады:
  • ата-аналық мiндеттерiн орындаудан жалтарса, оның iшiнде алимент төлеуден қасақана жалтарса;
  • өз баласын перзентханадан, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарынан және өзге де ұйымдардан алудан дәлелсіз себептермен бас тартса;
  • өздерiнiң ата-ана құқықтарын теріс пайдаланса;
  • балаға қатыгездік көрсетсе, оның ішінде оған күш қолданса немесе психикасына зорлық жасаса, оның жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасаса;
  • ата-аналар құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі, психотроптық заттармен әуестенсе, ата-ана құқығынан айрылады.

Сонымен бірге ата-аналар өз баласының, жұбайының не отбасының басқа да мүшелерінің өмiрiне немесе денсаулығына қарсы қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде ата-ана құқығынан айырылады.

Егер ата-аналар мiнез-құлқын, тұрмыс салтын және бала тәрбиесіне көзқарасын өзгерткен болса, сот олардың ата-ана құқығын қалпына келтiруi мүмкiн

Министрліктің хабарлауынша, ата-ана құқықтарын қалпына келтiру ата-ана құқығынан айырылған ата-ананың өтініші бойынша сот тәртiбiмен жүзеге асырылады. Ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы iстер ата-ананың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қатысуымен қаралады.

«Егер ата-ана құқықтарын қалпына келтiру баланың мүдделерiне қайшы болса, сот баланың пiкiрiн ескере отырып, ата-аналардың ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартуға құқылы»,- делінген жауапта.

Ал он жасқа толған балаға қатысты ата-ана құқығы оның келiсiмiмен ғана қалпына келтiрілуі мүмкiн.

Ата-ана құқығын қалпына келтіру асырап алған балалардың ата-анасына қолданылмайды.

«Егер бала асырап алынса және асырап алудың күшi жойылмаса, ата-ана құқықтарын қалпына келтiруге жол берiлмейдi»,- деп хабарлайды министрлік.

Еске сала кетсек, Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойған болатын. Заңда кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты талаптар күшейтілді. ІІМ бұл нормалардың ата-ана құқынан айыру жағдайларының жиілеуіне әкелмейтінін мәлімдеді.

ІІМ орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, ата-ана құқығынан айыру процесі ұзақ жүреді. Бірінші кезекте бұл мәселені кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия тексереді. Содан кейін сот қарайды. Сот ата-аналарды тексеріп, олардан балаға төнетін қауіпті зерттейді. Содан кейін ғана шешім шығарады.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та бұл заң қабылданса, жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкеп соқпайтынын айтқан болатын.