Кіріс азайып, шығыс көбейген: депутат 10 жылдан кейін ел бюджеті банкротқа ұшырауы мүмкін екенін айтты

Жарияланды

Бюджет тапшылығы 2027 жылға қарай 1,9%-ға дейін төмендейді / Фото: kursiv.media

Мәжілісте 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының таныстырылымы өтті. Жиында депутат Әділ Жұбанов бюджет шығыстарын оңтайландырмаса, ел бюджеті банкротқа ұшырауы мүмкін екенін айтты.

«Біз бұл құжаттардан кірістің көп азайғанын байқап отырмыз. Жалпы мұндай жағдайда бірінші кезекте шығысты оңтайландырады емес пе? Яғни кірісті көбейтудің жолын іздеуіміз керек.Біз қазір бюджеттің 90%-ы көлеміндегі соманы қарастырып жатырмыз. Бұлай жалғаса берсе, ертең 10 жылдан кейін мемлекеттің бюджеті банкротқа ұшырауы мүмкін. Осы орада сіздер бюджет шығысын оптимзациялау бойынша қандай жұмыстар жүргізіп жатсыздар?»,  – деп сұрады депутат.

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы расында бюджеттің біраз бөлігі кері қайтарылмайтын салаларға жұмсалатынын айтты. Соның бірі – әлеуметтік сала. Бұл бағыттағы бюджет шығыстары 40%-ды құрайды.

«Жалпы бюджеттің құрылымын қарайтын болсақ, оның 40%-ы әлеуметтік салаға кетеді. 30%-ы өңірлерді қолдауға жұмсалады. Яғни бюджеттің 70%-ы осы екі мақсатқа жұмсалады. Рас айтасыз, осы қалыппен кете беретін болсақ, әлеуметтік саланың шығыстары жылдан-жылға өсе бастайды. Ол экономикаға қосымша қаржы алып келмейді. Сондықтан мемлекет басшысы өз жолдауында «әлеуметтік әмиян» арқылы нағыз мұқтаж адамдарға көмек беру қажетін айтты. Біз сол бойынша жұмыс бастап жатырмыз», – деді вице-министр.

Жұбанов кей салалардағы орынсыз шығыстарға да тоқталды. Айтуынша, қазір мектептерге арнап, жыл сайын жаңадан оқулық шығару сәнге айналған. Жыл сайын бюджет қаражатын шығындамай, оқулықты шығарарда ұзақмерзімге жарайтындай жоспармен шығаруды ұсынды.

«Қазір жылда жаңа оқулық шығарады. Жаңа дәптер шығарады. Бір оқулықтың ішінде суретін, бір сөйлемін, авторын аустырып шығара береді. Оған бюджеттің миллиардтаған қаражаты кетіп жатыр. Бұл біреудің жеке мүддесі үшін жасалып жатқандай көрінеді. Осындай тәжірибені қою керек», – дейді депутат.

Ал Қаржы министрлігінің өкілі 2025 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде болжанып отырғанын, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,9%-ға дейін төмендейтінін айтты.

«Бюджеттің 2025 жылға арналған шығыстары – түсімдер мен бюджет тапшылығын ескере отырып, 25,8 трлн теңгені құрайды деп болжанып отыр. Бұл осы жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге артық», – деді вице-министр.

Сондай-ақ оқыңыз