Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын сынға алды. Атап айтқан бюджет тапшылығын жабу үшін шетелден алынатын қарыз көлемі жайына тоқталды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында қаржы саласында «көрпеге қарай көсілу» керек екенін айтты. Ал енді мына бюджетке қарайтын болсақ, болашақ ұрпақты қарызға белшесінен батыратын секілдіміз. Мен сізге өз баяндамаңыздан бір мысал келтірейін. Салықтар – 15 трлн теңге. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт – 2 трлн теңге. Ұлттық қордан нысаналы трансферт – 3,2 трлн теңге. Бюджеттің тапшылығы 4,8 трлн теңге. Міне осы 4,8 трлн теңгені сіздер қарызға алғалы отырсыздар. Енді 25,7 трлн теңгенің ішінде 10%-ы 2,5 трлн теңгесімен сіздер қазірдің өзінде қарыз төлеп отырсыздар. Сонда біздің бюджеттің 15%-ы тек қарыз өтеуге кетеді деген сөз. Енді міне осы 4,8 трлн теңгені сіздер қандай мөлшерлемемен алып отырсыздар? Жалпы процент есептегенде оның қайтарымы біздің халқымызға қанша сомаға шығады?», – деп сұрады депутат.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мемлекет қаржысында теңгерімсіздік бар екенін айтты. Бұл теңгерімсіздікке бірнеше жыл бұрынғы пандемия мен Қаңтар оқиғасы сынды жағдайлардың әсер еткенін айтты. Министрлік өкілі жыл сайын мемлекеттің базалық шығындарының артуы да бюджетке айтарлықтай салмақ түсіріп отырғанын айтады.
«Мемлекет қаржысының теңгерімсіздігіне шығыс көлемінің тез, ал кірістің баяу өсуі себеп. Біз жыл сайын 4,5-5 трлн теңгеге дейін қаражат алып келдік. Егер есіңізде болса, осындай бюджет жобасын талай қабылдаған болатынбыз. Онда барлық шығыстар базалық яғни әлуеметтік салаларға жұмсалады. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар, мемлекеттік жалақы бар дегендей. Қазіргі уақытта осы базалық шығыстар көлемі тез өсіп жатыр. Біз осы шығыстарды жабу үшін осындай шаралар қолданамыз», – деді Әмрин.
Алайда вице-министр 4,8 трлн теңге қарыздың қайтарымы қандай болатынын ашып айта алмады.
Жалпы мемлекеттік қарыз көлемі жыл сайын артып келе жатқаны жөнінде жиында Жоғары аудиторлық палатаның өкілі Ардақ Теңгебаев та айтты. Ол бюджет тапшылығы несие көмегімен жабылып келе жатқанын, ал 2025 жылы несиелерді өтеу және оларға қызмет көрсету құны 6,1 трлн теңге болатынын мәлімдеді. Бұл республикалық бюджеттің барлық кірісінің 38%-ын немесе барлық шығыстың 24%-ын құрайды. Өз кезегінде бұл құбылыс мемлекеттің төлем қабілеттілігінің тәуекелдерін арттырады.