Жоғары аудиторлық палата 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасынан кемшіліктер тапты
Жоғары аудиторлық палата 2025-2027 жылдарға арналған бюджет шығыстарын жоспарынан біршама кемшіліктер анықтады. ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасының таныстырылымы кезінде Жоғары аудиторлық палата мүшесі Ардақ Теңгебаев бюджет жобасының кемшіліктері туралы айтты.
Жоғары аудиторлақ палатаның хабарлауынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша біршама кемшіліктер бар. Атап айтқанда, 2025 жылы берілуі керек болған 152 мектептің іс жүзінде құрылысы әлі басталмаған. Оған жобалау-сметалық құжаттарының толық бекітілмегені, конкурстық рәсімдердің толық аяқталмағаны себеп. Сонымен бірге бюджет жоспарына сәйкес, салыну тиіс мектептерге жер бөлінбеген.
Сонымен бірге «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасының кейбір тармақтарын орындаудың өзектілігі мен орындылығына ешқандай талдау жүргізілмеген.
«Мәселен, Цифрлық даму министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша интернет жылдамдығы кемінде 20 Мбит/с болатын МЖӘ жобаларын іске асыру көзделген. Бұл ретте Ұлттық жоба бойынша азаматтарды кемінде 100 Мбит/с жылдамдықтағы интернетке қосумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Мұндай сәйкессіздік жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге әсер етуі мүмкін»,– дейді Теңгебаев.
Жоғары аудиторлық палатаның бағалауына сәйкес, мемлекеттік кепілдікпен берілетін қарыздар есебінен республикалық автожолдар салу және реконструкциялау жобаларының басымдылығы тікелей және жанама әлеуметтік-экономикалық әсерді бағалауды ескере отырып айқындалуы тиіс болған. Алайда жобада мұндай ақпарат ескерілмеген. Бұған қоса бекітіліп қойған жобаларды іске асыру мерзімдері қатты кешіктіріледі. Жалпы жол құрылысының орташа нормативтік ұзақтығы 3 жыл болуы керек. Ал елде бұл жұмыстарға 5-6 жыл жұмсалады. Тиісінше, мұндай жобалардың шығыны да арта түсуі мүмкін.
Сонымен бірге жобада төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласына қатысты кемшіліктер бар. Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, орман мекемелері мен басқа да бейінді ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі төмен.
«2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасында мәселені қаржы лизингі механизмі арқылы шешу ұсынылған. Алайда ол бюджет заңнамасымен тікелей реттелмеген, бұл бюджет қаражатын заңсыз пайдалану қаупін тудырады», – дейді аудитор.
Жалпы адиторлар 4,6 трлн теңгені қамти отырып, талдау қорытындысын әзірлеген. Оған сәйкес, 117 млрд теңгені қайта бөлу, 12,2 млрд теңгені қосымша қарастыру, 3 млрд теңгені оңтайландыру ұсынылған.
Еске сала кетсек, Ардақ Теңгебаев Ұлттық экономика министрлігінің алдағы жылдарға бюджетті жоспарлау кезінде Brent маркалы мұнай бағасын барреліне 75 доллармен есептегенін, алайда сарапшылар алдағы жылдары мұнай бағасының 65 долларға дейін төмендеуін болжайтынын айтқан болатын. Аудиторлардың мәліметінше, Үкіметтің негізгі болжамы икемді емес, экономика өз бағытынан сәл ауытқыса немесе мұнай бағасының төмендеуіне байланысты қолайсыз кезеңдер туындаса, бюджет кірісінің толық түспеу қаупі артады.