Депутат Ермұрат Бапи қорғаныс саласына бөлінетін қаражаттың жеткіліксіз екенін айтты. Бұл жайлы депутат 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау кезінде мәлімдеді.
«Мұнда Қорғанысқа бөлінген қаражаттың жалпы сомасы көрсетілген. Украинадағы жағдайдан кейінгі қауіпті ескеретін болсақ, бұл сандардан біз ештеңе түсініп отырған жоқпыз. Менің білейін дегенім, жалпы ішкі өнімнің қанша көлемі қорғанысқа бөлініп отыр?»- деп сұрады депутат.
Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов 2025 жылы Қорғаныс министрілігінің бюджеті жалпы ішкі өнімге шаққанда 0,68% құрайтынын айтты.
«Ал, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы 0,24%. Сонда жалпы шығын 0,68% көлемінде болады»,- деді министрлік өкілі.
Ермұрат Бапи геосаяси ахуал шиеленіскен тұста бұл көлемдегі қаражаттың ел қорғанысы үшін жеткіліксіз екенін атап өтті.
«Биылғы бюджетте ЖІӨ-ге шаққанда 0,7%, келесі жылға ЖІӨ-ге шаққанда 0,8%. Бұл не қаржыландыру?! Бұған кім жауап береді?! Сарапшылар болжамынша, 2030 жылға қарай соғыс қаупі өрши түсуі мүмкін. Сондай қауіп бар. Біздің қорғанысқа жауапты ведомстволарының болжамында да ондай қауіп-қатерлер ескеріледі. Әлемдік сарапшылардың болжамын ескермегеннің өзінде елдің қорғаныс саласын қаржыландыру ЖІӨ-ге шаққанда 0,4% деген не «заговор»? Мұны кім істеп отыр? Мұндай есеп қайдан шықты? Бұл мәселені әлі көтереміз»,- деді депутат.
Айта кетейік, жиында Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы 2025 жылға арналған күштік құрылымдарының шығыстары 109 млрд теңгеге ұлғайып, 2,7 трлн теңге көлемінде жоспарланып отырғанын айтты. Ол бұл қаражатқа жалпы, мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті қорғау және ішкі тұрақтылықты қолдау жөніндегі іс-шаралар қамтылатынын мәлімдеді.
і Global Firepower-2024 басында ұсынған рейтингте Қазақстан әскери күш деңгейі бойынша 145 елдің арасында 58-ші орында тұр. 2023 жылы 63-орында тұрған еді.
2024 жылдың рейтингінде Қазақстан Әзірбайжан (59), Беларусь (64), Өзбекстан (65), Түркіменстан (83), Қырғызстан (100), Тәжікстан (107) елдерінен алда тұр. Ал, алғашқы бестікте АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея тұр.
Сондайақ, Қазақстанда «Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры» құрылатыны хабарланған еді. Ашық НҚА-ға шығарылған құжатқа сәйкес қоғамның жарғылық капиталы республикалық бюджет қаражаты есебінен 265 722 000 теңге мөлшерінде болады. Көлік министрлігінің «Курсивке» берген жауабында, қоғамның қорғаныс кәсіпорындарына қаржылық қолдау көрсету мақсатында құрылғаны және бұрын-соңды мұндай қорлардың болмағаны, ел тарихында алғаш рет осы сипаттағы қор құрылып жатқаны айтылған.