Жаңалықтар

2025 жылы Қазақстан мемлекеттік қарызын өтеуге 6,1 трлн теңге жұмсамақ: бұл барлық бюджет шығысының төрттен бір бөлігіне тең

Қазақстанның мемлекеттік қарызы
2025 жылы Қазақстанның мемлекеттік қарыз бойынша шығыстары 6,1 трлн теңгені құрайды / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

2025 жылы Қазақстанның мемлекеттік қарыз бойынша шығыстары 6,1 трлн теңгені құрайды. Бұл барлық бюджет шығысының төрттен бір бөлігіне тең. Бұл жайлы 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстыру кезінде Жоғары аудиторлық палатаның өкілі Ардақ Теңгебаев айтты.

«Бюджет тапшылығын жабудың келесі көзі – несиелер. Соңғы 5 жылда орта есеппен 12%-ды құраған мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына жақындап, алаңдаушылық туғызып отыр. 2025 жылы несиелерді өтеу және оларға қызмет көрсету құны 6,1 трлн теңгені құрап отыр. Бұл республикалық бюджеттің барлық кірісінің 38%-ын немесе барлық шығыстың 24%-ын құрайды. Өз кезегінде бұл құбылыс мемлекеттің төлем қабілеттілігінің тәуекелдерін арттырады», – дейді Теңгебаев.

Ал 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік қарызға қызмет көрсету құны барлық бюджет шығысының 10%-нан аспауы тиіс. Алайда Жоғары аудиторлық палата өкілі бұл норманы іске асыру қазірдің өзінде қиынға түсіп отырғанын айтады.

Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі алдағы жылдарға бюджетті жоспарлау кезінде Brent маркалы мұнай бағасын барреліне 75 доллар деп есептеген. Алайда сарапшылар алдағы жылдары мұнай бағасының түсуін болжап отыр. Осы орайда министрлік келтірген есеп жоспардан ауытқуы ықтимал.

«Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Brent маркалы мұнайдың бағасы 2025 жылы барреліне 70 доллар, 2026-2027 жылдары барреліне 65 доллар болады деп болжап отыр», – дейді аудиторлық палата өкілі.

Сонымен қатар Жоғары аудиторлақ палата өкілі Ұлттық экономика министрлігінің экономиканың орташа жылдық өсімін 5,4% деңгейінде болжап отырғанын атап өтті. Алайда жаһандық экономиканың өсу қарқыны төмен деңгейде болжанады. Мәселен, Қазақстанның ірі серіктестері Қытай мен Ресейдің экономикасы төмендейді деп күтілуде. Теңгебаев министрлік болжамы болашақтағы жағдайларға икемделмей есептеліп отырғанын айтты.

«Үкіметтің негізгі болжамы икемді емес, экономика өз бағытынан сәл ауытқыса немесе мұнай бағасының төмендеуіне байланысты қолайсыз кезеңдер туындаса, бюджет кірісінің толық түспеу қаупі артады», – дейді Жоғары аудиторлық палата өкілі.

ҰЭМ болжамына сәйкес, 2025 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары 7%-ға артып, 25,8 трлн теңгені құрайды деп күтіледі. Ал бюджет тапшылығы 14%-ға, яғни 4,1 трлн теңгеге дейін артады деп болжанып отыр.

«Дәстүрлі түрде бюджет теңгерімін Ұлттық қордан трансферттер мен қарыз алу есебінен туралау жоспарланып отыр. Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылатын трансферттер көлемі ұлғаймақ. Ол 2025 жылға арналған бюджет шығыстарының жалпы көлемінің 20%-ын құрап, 5,3 трлн теңгеге жетеді. Бұл өз кезегінде шикізаттық емес бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 6,6%-дан 7,3%-ға дейін артуына алып келеді», – деп түсіндірді Теңгебаев.

Жоғары аудиторлық палатаның бұл ескертпелеріне қатысты Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің пікірі мынадай:

«2025 жылға арналған жобада мемлекеттік қарыз мөлшері 36 трлн теңге көлемінде белгіленген. Бұл жалпы ішкі өнімнің 23%-ды құрайды. Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында 29%-ға дейін шектеу бар. 2024-25 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 27%-ды құрауы мүмкін. Бұл ең жоғары көрсеткіш», – дейді.

ҰЭМ өкілінің айтуынша, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 27 трлн теңгені құрайды. Бұл ЖІӨ-нің 22,7%-ын құрайды, яғни нормативтер бұзылмайды.

Ал мұнай бағасының болжамы 19 халықаралық қаржы институтының бағалауы негізінде жүргізілгенін, олардың мұнай бағасын орта есеппен 78 доллар деп болжағанын алға тартты. Мақала жарияланған сәтте Brent маркалы мұнайдың қараша айындағы фьючерстері барреліне 71,6 долларды құрады.