Қазақстанға заңсыз кіргізілген барлық телефон бұғатталмайды. Бұл жайлы «Курсивке» Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанға заңсыз әкелінетін телефондарды бұғаттау жөнінде құжат әзірлеген болатын. Онда IMEI-кодтары қайталанатын құрылғыларды бұғаттау көзделген.
Құжатқа сәйкес мынадай құрылғылар бұғатталады:
- сәйкестендіру коды дұрыс емес немесе өзгертілген;
- дайындаушы зауыт берген сәйкестендіру коды жоқ;
- бірнеше абоненттік ұялы байланыс құрылғысы пайдаланатын бірдей (қайталанатын) сәйкестендіру коды бар;
- сәйкестендіру коды Ұялы байланыстың жаһандық жүйесі қауымдастығының (GSMA) дерекқорының қара тізіміне енгізілген.
Десе де министрлік мұндай құрылғы иелеріне жеңілдік енгізуді көздеп отыр. Яғни елге кірген барлық заңсыз құрылғы жаппай қара тізімге кірмейді.
«Ел аумағына заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін кірген абоненттік құрылғылар қара тізімге енгізілмейді», – делінген министрлік жауабында.
Ал заңсыз құрылғыларды тексеру және заңсыз әкелінген құрылғыларды заңдастыру тетіктері заңнама қабылданған соң, барлық мүдделі мемлекеттік органмен келісілгеннен кейін жарияланады.
Министрліктің хабарлауынша, қазіргі таңда мұндай құрылғылардың ел аумағына заңсыз кіруіне жол бермеу үшін Кедендік органдармен бірлескен жұмыс атқарылып жатыр.
Еске салсақ, ЦДИАӨМ абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу қағидаларына тиісті түзетулер жобасын талқылауға шығарған болатын. Министрлік мәліметінше, бүгінгі күні елде 3,7 млн жуық заңсыз кіргізілген құрылғылар жұмыс істейді. Мұндай телефонда Қазақстанға заңсыз схемалар арқылы кірген. «Сұр» импорт арқылы елге IMEI-кодтары қайталанатын құрылғылар көптеп кіреді. Ал талқылауға шығарылған жоба осындай заңсыздықтарға кедергі болмақ.