Журналист Асхат Ниязов босатылды: Алматы полициясы оны не үшін ұстағаны туралы түсініктеме берді

Жарияланды
Фото: Скриншот. «Обожаю» YouTube-арнасы

Алматы қалалық полиция департаменті журналист Асхат Ниязовты не үшін ұстағаны туралы түсініктеме берді.

«Күдікті адамдардың мемлекеттік қорғауға алынған нысанды түсіріп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Жеке басын және істің мән-жайын анықтау үшін азаматтар Бостандық аудандық полиция басқармасына шақырылды. Мән-жай анықталған соң, олар босатылды», – делінген хабарламада.

Мұның алдында «Обожаю» атты YouTube-арнасының авторы, журналист Асхат Ниязов Ерболат Досаевты қарауылдағаны үшін ұсталғанын айтып үлгерген. Әріптесі Назымгүл Күміспаева бұл оқиға жайында Instagram парақшасында жария етті.

«Асхат Ниязов пен операторды себебін түсіндірместен, Алматының полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Біз түсініктеме беруін талап етеміз! Қандай негізде ұстады? Асхат пен операторымыз байланысқа шықпай жатыр», – деп жазған еді.

Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл оқиға жөнінде түсініктеме беруден бас тартып, мән-жайды полициядан анықтауға кеңес берген.

Айта кететін жайт, былтыр Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев «жеке кеңістігіне бұзып кіргені үшін» журналист Асхат Ниязовты сотқа беремін деп ескерту жасаған болатын.  

Сондай-ақ оқыңыз