Үкімет тағы да Ұлттық қордан 2 триллион теңге алмақ

Жарияланды
Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан бюджет тапшылығының кесірінен Ұлттық қордан 2 триллион теңге алуы әбден мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.

«Қосымша трансфер қазір есептелініп жатыр. Бұл – 1,5 триллион мен 2 триллион теңгенің арасында. Бұл – менің сарапшылық бағамым. Қазір, бәлкім, бұл туралы айту дұрыс емес шығар», – деді Азамат Әмрин Мәжіліс дәлізінде.

Вице-министр 2024 жылы 2 триллион теңге көлемінде кепілдігі бар трансфер және 1,6 триллион теңге көлемінде мақсатты трансфер бекітілгенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық қордан қосымша трансфердің нақты саны қыркүйек айының соңында белгілі болмақ.

Мұның алдында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Ұлттық қордан қаражат алуды тоқтату жоспарына қарамастан, әзірге Үкіметтің бюджет тапшылығын жабу үшін бұдан бас тартпайтынын мәлімдеген.

Оның айтуынша, қаражаттың бір бөлігі өңірлер мен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қосымша трансферттер түрінде пайдалану жоспарланып отыр.

«Биылғы сегіз айда мемлекеттік бюджет кірісі 94%-ға орындалды, бірақ республикалық бюджеттің кірісі 84%-ға дейін төмендеген», – еді вице-министр.

Айта кететін жайт, 2024 жылғы наурызда Ұлттық қордағы қаражат 200 млрд теңгеге азайды. Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, тамыз айында Ұлттық қорда жиналған ақша айтарлықтай көбейген. Шілде айының соңында қорда жалпы көлемі 29,7 трлн теңге жатса, бір айда қордағы қаражат 7,2% өсіп, 31,8 трлн теңгеге жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз