Энергетика министрлігі электронды аукционға жер қойнауын барлауға арналған тоғыз учаскені ұсынды
Энергетика министрлігі 27 қарашада көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөнінде электронды аукцион өткізеді. Оның шарттары туралы хабарламаны сайтта жариялады.
Министрліктің мәліметі бойынша аукционға 9 жер қойнауы учаскесі шығарылды. Екі ай ішінде аукционға қатысуға өтініш беруге болады. Оған қатысқысы келетіндер «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ электрондық аукциондар операторының сайтынан өтініш бере алады (сілтеме: www.e-kazyna.kz).
Аукцион жарияланған учаскелер:
- Ақтөбе облысындағы Сарлы Оңтүстік қанат.
- Ауданы – 0,66 шаршы км. Зерттеу тереңдігі – триас шөгінділерінің табанына дейін
- Атырау облысындағы Қиғаш учаскесі.
- Ауданы – 1154,40 шаршы км.
- Ұлытау облысындағы Бестақыр учаскесі. Ауданы – 4711,89шаршы км.
- Атырау және Маңғыстау облыстарындағы Азнагүл учаскесі. Ауданы – 109.61 шаршы км.
- Ақтөбе облысындағы Батыс Жарқамыс II учаскесі. Ауданы – 941,68 шаршы км.
- Қызылорда облысындағы Солтүстік Жамансу учаскесі. Ауданы – 334,09 шаршы км.
- Атырау облысындағы Құлсары учаскесі. Ауданы – 1131.44 шаршы км (алып тастаусыз).
- Батыс Қазақстан, Ақтөбе облысындағы Шыңғыс-Телсу учаскесі.
- Маңғыстау облысындағы 5-Үстірт учаскесі. Ауданы – 1816.23 шаршы км.
Аукцион жеңімпаздары учаскелер бойынша мына талаптарды орындауға міндетті:
– келісімшарт жасалған сәттен бастап бір жыл ішінде барлау жұмыстарының жобасын жасауға;
– келісімшарт жасалған сәттен бастап 3 жыл ішінде 2Д сейсмикалық барлау бойынша ең төменгі талаптарды орындауға;
– келісімшарт жасалған сәттен бастап 4 жыл ішінде кемінде бір ұңғыманы бұрғылау бойынша ең төменгі талаптарды орындау.
Одан бөлек барлау кезеңінің ұзақтығы алты жылдан аспауы керек. Өндіру кезеңінің барынша ұзақтығы – жиырма бес жылдан аспайды, оның ішінде дайындық кезеңінің ұзақтығы үш жылдан аспауы қажет.
Аукцион 2024 жылдың 27 қарашасында Астана уақыты бойынша сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін өтеді.