Жаңалықтар

Нығматуллинге тиесілі ферроқорытпа зауыты сот шешімі бойынша әкімшілік айыппұл төлейді

штраф
Фото: shutterstock

Қарағанды қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соты Ерлан Нығматуллинге тиесілі зауытқа қатысты шешім шығарды.

Оқиғаның мән-жайы

2024 жылдың 20 шілдесінде «YDD CORPORATION» ЖШС-ға қарасты ферроқортыпа зауытында оқыс оқиға болды. Пештің жалынынан сегіз адам зардап шеккен. Осыған байланысты хабарлама түскесін, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнына келген. Бірақ зауыттың сенімді өкілдері төтеншеліктердің алдын кес-кестеп, 40 минут бөгеген. Оқиға жөнінде нақты ақпарат беруден бас тартқан.

Мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің бауырына тиесілі ферроқорытпа зауытында болған апат жайлы компания екі сағат өткен соң ғана хабарлаған. Құтқарушылар апат орнына кеш шақыртылған.

Сот

Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462-бабы 1-бөлігі бойынша («Мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарына қызметтік міндеттерін орындауға кедергі жасау») әкімшілік іс қозғап, іс материалдарын сотқа жолдады.

Сотта «YDD CORPORATION» ЖШС-ның өкілі әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын мойындамады. Бірақ оған қарсы бұлтартпас дәлелдер ұсынылды.

Айыппұл

«Сотта «YDD CORPORATION» ЖШС ӘҚБтК-нің 462-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, осы баптың санкция шегінде 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындалды», – деп хабарлады ауданаралық соттың баспасөз қызметі.

Әкімшілік сот шешіміне сәйкес YDD 738 400 теңге төлеуге тиіс. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Комиссия жұмыс беруші кінәлі екенін анықтады

Жұмысшылар зардап шеккен соң, Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында орын алған оқиғаны тексеретін арнайы комиссия құрылды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова шілде айында ауруханада емделіп жатқандардың жағдайы өте ауыр екенін айтқан. 

ҚР ҚК 156-бабының 2-бөлігі бойынша («Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу») осы жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғалды.

«YDD Corporation» зауытындағы апат 4 адамның өлімімен аяқталды. Арнайы комиссия қайғылы оқиғаға жұмыс беруші кінәлі деп таныды. Кәсіпорында өндірістік жарақат алуды болдырмау бойынша шұғыл шаралар қабылданбағанын мәлімдеді. Бұдан бөлек қауіпсіз еңбек жағдайы, қызметкерлердің ережелерді, нұсқаулықтарды және технологиялық тәртіпті сақтауын бақылау бойынша кемшіліктер бары анықталды.

Айта кетейік, ферроқорытпа зауытына YDD Corporation иелік етеді. Ал egov порталындағы мәліметтерде бұл компанияның құрылтайшылары ретінде IMPERIYUMCY HOLDINGS LIMITED, Нигматуллин Ерлан Зайруллаұлы, Аппаз Жармұхамет Дінмұхамедұлы көрсетілген. YDD корпорациясының акционерлері мен басшылығы зардап шеккен қызметкерлердің барлық несиесін төлеп беруге уәде берген.