Жаңалықтар

Көкпардан жеңді, көк бөрүде жеңілді

игры
Көкпардан, теңге ілуден, овариден Қазақстан құрамасы дес бермеді/ фото: Туризм және спорт мин

Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бесінші жарыс күнінде 5 алтын, 7 күміс, 2 қола жүлде жеңіп алды. Жалпы есепте Қазақстан қоржынында 32 алтын, 24 күміс, 27 қола жүлде бар.

Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Қырғызстан командасын 5:4 есебімен жеңіп, алтын жүлдеге ие болды. Ал көк бөрүден Қазақстан командасы Қырғызстан құрамасына 4:10 есебімен есе жіберіп, екінші орын алды.

Этноауылда теңге ілуден өткен жарыста Бекнұр Серіков – бес белес сайысынан, ал Рахат Қамбаров қос құлаш сайысынан алтын жүлде алды. Ұлттық құрама спортшылары бүркіт, қаршыға және сұңқар салудан финалға шықты.

«Арғымақ» ат-спорт кешенінде өткен дәстүрлі садақ атудан жарыс аяқталды. Командалық сайыста Қазақстан құрамасы Аустралиядан келген садақшылардан 2:3 есебімен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды. Садақшылар Көшпенділер ойындарын бір алтын, екі күміс, бес қола жүлдемен аяқтады.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында татар халқының көне ұлттық белбеу күресі – көрәштен ерлер арасында төрт салмақ дәрежесі бойынша жарыс өтті. Біржан Шаймерденов (90 келі) алтын, Әділет Шалғынбекұлы (64 келі) мен Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі) күміс жүлдені қоржынға салды. Бекнұр Бектай (75 келі) қоланы қанағат тұтты.

«Алау» мұз сарайында түрік халқының ұлттық күресі ашыртмалы аба гюрешінен бес салмақ дәрежесі бойынша жарыс өтті. Қазақстандық үш бірдей спортшы күміс жүлдеге ие болды. Олар – Ернұр Сүлеймен (60 келі), Әділет Ахметғали (70 келі), Айдос Ғалымов (90 келі). Осы сарайда өткен қырғыз халқының ұлттық ойыны – ордодан Қазақстан құрамасы финалға шықты. Ақтық бәсеке 13 қыркүйек күні өтеді.

«Думан» қонақ үй және спорт кешенінде Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны – овариден өткен жарыста Әсел Далиева топ жарса, Аңсаған Қожанәсіп қола жүлде иеленді.