Қор нарығына шолу: ФРЖ мөлшерлемесіне қатысты болжам, Вашингтон SK Hynix пен Samsung-ке қысым көрсетуде, Wells Fargo-ның құлдырауы

Жарияланды
Фото: REUTERS/Evelyn Hockstein/File Photo

Өндірушілердің бағасы мен АҚШ-тағы жұмыссыздыққа жәрдемақы алуға берілген өтінімдер бойынша статистиканың жаңаруы нарықты ФРЖ алдағы отырыста ставканы бұрын айтылғандай 0,5% емес, 0,25%-ға төмендететініне сендіре түскендей. Алайда мұндай қадамның өзі доллардың әлсіреуіне әкелуі мүмкін, деп ескертеді сарапшылар. Осы және өзге де тақырыптар туралы 12 қыркүйектегі шолуымыздан оқыңыз.

АҚШ кореялық чип өндірушілерге қысым көрсетіп, олардың Қытайға экспортын шектейді

Америка үкіметі кореялық чип өндірушілер – Samsung пен SK Hynix-тің Қытайға жоғары өткізу қабілеттілігі бар жад чиптерін сатуға шектеулер қоюға ниетті, деп хабарлады Asia Financial.

SK Hynix, Samsung Electronics және америкалық Micron Technology «жасанды интеллектінің үдеткіш чиптері үшін өте маңызды» HBM чиптерінің жалғыз өндірушілері болып саналады. Вашингтондағы қауіпсіздік конференциясында сөйлеген сөзінде АҚШ Сауда департаментінің жоғары лауазымды қызметкері Алан Эстевес іс жүзінде Оңтүстік Корея компанияларын АҚШ-пен HBM өнімдері мен технологиялары бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға шақырды. Бірақ Қытайға бағытталған экспортты бақылау керектігін де еске салды. «Біз үшін бұл қуаттардың дамуы және өзіміздің, сондай-ақ одақтастарымыздың қажеттіліктеріне қол жетімді болуы маңызды», – деді ол.

Оңтүстік Кореяның Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігінің сауда келіссөздері бөлімінің басшысы Чонг Ин Ке қысым көрсетіліп жатқанын растады. Ол жергілікті БАҚ-қа «АҚШ бұл мәселе бойынша ынтымақтасқанымызды қалайды» деп хабарлады.

Жақында АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Нидерланд үкіметіне де қысым көрсетті. Шенеуніктер әлемдегі ең ірі чип шығаратын жабдық өндіруші – ASML компаниясынан Қытай бағытындағы сатылымды шектеуді талап етті.

АҚШ-та өндірушілердің бағасы мен жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға берілген өтініштер артты

АҚШ-та макростатистиканың тағы бір бөлігі шықты деп хабарлады Reuters. Ол қыркүйек айында ФРЖ мөлшерлемесін бұрын айтқандай 0,5%-ға емес, 0,25%-ға төмендету болжамын күшейтеді.

Жұмыссыздық бойынша алғашқы жәрдемақыға өтінімдер 7 қыркүйек күні аяқталған аптада біршама өсті. Олар маусымдық ауытқуларды ескере отырып, 2 мыңнан 230 мыңға дейін артты, деп хабарлады Еңбек министрлігі. Деректер сарапшылардың болжамдарына сәйкес келеді. Статистика еңбек нарығындағы өсімнің баяулауына қарамастан, жұмыстан босату үлесі төмен болып қала беретінін айғақтайды.

Уолл-стрит назар аударатын маңызды деректің бірі – өндірушілердің бағасы. Бұлар сарапшылар болжағаннан сәл көбірек өсті. Арнайы есепте Еңбек министрлігі түпкілікті сұраныс өндірушілерінің баға индексі тамыз айында 0,2%-ға өскенін хабарлады. Экономистер индекстің 0,1%-дық өсімін болжады. Жылдық мәнде көрсеткіш шілдеде 2,1%-ға өскеннен кейін 1,7%-дық өсім көрсетті.

Көтерме бағаның қымбаттауына қызметтер себеп болды. Өткен айда тауарлардың бағасы шілдеде 0,6%-ға өскеннен кейін өзгерген жоқ, энергия бағасы 0,9%-ға төмендеді. Азық-түлік, энергия және сауданы болдырмайтын салалық PPI көрсеткіші 0,3%-ға өсті. Бұл шілде айындағы көрсеткішке сәйкес келеді. Тамыз айында тұтыну бағаларының базалық индексі шілдеде 3,2%-ға өскеннен кейін жылдық мәнде 3,3%-ды құрады.

«Өндірушілердің бағасы тым жоғары емес, жұмыспен қамту нарықтарындағы жағдай да нашарлап бара жатқан жоқ. Сондықтан ФРЖ-ға ставканы 50 базистік тармаққа төмендетудің қажеті жоқ шығар», – дейді FWDBONDS бас экономисі Кристофер Рупки.

Pimco: ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлемесін төмендету долларды одан әрі әлсіретуі мүмкін

Pimco стратегі доллар құнын жоғалтуы мүмкін деп санайды. Өйткені ФРЖ пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге дайындалып жатыр, деп жазды Market Watch. Олар өз есептеулерінде 1990 жылдардан бергі тарихи деректерді талдаған. «Бұрынғы жұмсарту циклдарында АҚШ доллары орташа есеппен алғанда төмендеген. Бірақ бірнеше ай ішінде қалпына келді», – деп атап өтті стратегтер клиенттерге арналған жазбада.

Естеріңізге сала кетейік, жақында доллар құбылмалылықты арттырды және 2024 жылдың сәуірінен бері бірден бірнеше ауытқу орын алды. ICE доллар индексі бейсенбіде 0,2% төмендеді. Дегенмен, FactSet мәліметтері бойынша бір апталық кезең 0,3%-дық өсімді көрсетеді.

Ақшаны жылыстатуды бақылау күшейген сайын Wells Fargo қағаздары құнын жоғалта бастады

Wells Fargo акциялары бейсенбіде банк АҚШ-тың валюта бақылаушысы кеңсесімен келісімге келгеннен кейін 4%-ға төмендеді. Одан ақшаны жылыстатуды анықтау және халықаралық санкцияларды орындау жүйелерін жетілдіру талап етіліп отыр, деп хабарлады Bloomberg. «Банк анықталған кемшіліктерді жою, ішкі бақылауды және қаржылық қылмыстардың тәуекелдерін басқару тәжірибесін жақсарту үшін барлық қажетті шараны қабылдауға міндеттелді», – деп түсіндірді реттеуші.

Банк өз кезегінде ресми келісім талаптарының едәуір бөлігін орындау үшін жұмыс істеп жатқанын айтты. Естеріңізге сала кетейік, Wells Fargo 2024 жылдың жазынан бастап реттеушілер тобында. Банк ақшаны жылыстатты және АҚШ санкцияларын орындаудан бас тартты деп күдікке ілінді. Реттеуші талаптарды нақтылаған жоқ. Нәтижесінде Wells Fargo келісімге қол жеткізді әрі айыппұлдардан айналып өтті.

Сондай-ақ оқыңыз