Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстандағы бірқатар компанияның рейтингін қайта қарады. Атап айтқанда «Қазатомөнеркәсіп», «Бәйтерек» ҰБҚ, Kaspi Bank және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ бар.
Агенттік «Қазатомөнеркәсіп» пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ кредиттік рейтингін «Тұрақты» болжамымен «Baa1» деңгейіне көтерді.
Ұйым бұл компаниялардың ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін «Baa2»-ден «Baa1»-ге дейін көтерді. Рейтингті арттыру олардың тұрақты қаржылық жағдайын және оның Қазақстанның экономикалық дамуындағы шешуші рөлін көрсетеді. Ұзақ мерзімді рейтингтері бойынша болжам елдің егеменді рейтингіне сәйкес «Тұрақты» деңгейде қалып отыр.
Сонымен қатар халықаралық рейтингтік агенттігі оң болжамды сақтай отырып, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ ұзақ мерзімді рейтингтерін Ba1-ден Baa3-ке дейін көтерді.
«Рейтингтердің жоғарылауы Қордың қаржылық көрсеткіштерінің жақсарғанын және оның лизингтік және өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыру нарығындағы тұрақтылығын көрсетеді», – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар ұйым «Қазақстанның Даму Банкі», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Аграрлық несие корпорациясы», «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» сияқты «Бәйтеректің» негізгі еншілес ұйымдарының рейтингтерін жақсартты.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы 9 қыркүйекте Moody’s рейтингтік агенттігі Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін «Baa1» деңгейіне көтерген еді. Берілген рейтинг – ел тәуелсіздігі жылдарындағы ең жоғарғы көрсеткіш.