Жаңалықтар

Жоғары аудиторлық палата ҚМГ мен «Бәйтерек» холдингінде аудит жүргізеді

ҚМГ мен «Бәйтерек» холдингінде аудит жүреді / Фото: «Байтерек»

Жоғарғы аудиторлық палата «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингін, сонымен қатар компаниялардың еншілес мекемелерін тексеруді бастады.

Палатаның хабарлауынша, ҚМГ мен оның жеке еншілес компанияларының активтерді пайдалану тиімділігіне, ал Ұлттық холдингтің қарызды басқару тиімділігіне аудит өткізеді.

«Бәйтерек» холдингінің «Қазақстанның Даму Банкі», Qazaqstan Investment Corporation, «Отбасы банкі» және «Аграрлық несие корпорациясы» сынды еншілес компанияларында да тексеріс жүреді.

Бұған дейін палата ҚТЖ және НЗМ-да аудит жүргізген. Бұл компаниялардан жүздеген миллион теңгеге қарыз бен заң талаптары бұзылғанын анықтаған.

«Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» (НЗМ) 2019-2023 жылдары бюджет қаражатын қалай жұмсағанына қатысты аудит нәтижесінде ақшаның тиімсіз жұмсалуы, тендер өткізудегі былықтар мен маңызды жобаларға бөлінген қаржының игерілмеуі сияқты фактілер анықталды. Ал палата төрағасы Әлихан Смайылов қаржыны пайдалану мәселесінде НЗМ ашықтық көрсетпей отыр деп мәлімдеген еді. 

Сонымен қатар ең тиімсіз компаниялар ішінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы көш бастап тұр. Есепте көрсетілген кестеде ұлттық компанияның 2022 жылғы шығыны 17,9 млрд теңге деп көрсетілген.