300 мың адам декларация тапсырмаған. Салық есебін өткізбегендерге қанша айыппұл салынады?
Қазақстанда биыл декларация тапсыруы тиіс кәсіпкерлердің 14%-ы салық есебін өткізбеген. Қаржы министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2024 жылы 2,4 млн адам 250,00 нысаны бойынша есеп беруі керек. Қазіргі кезде 2,1 млн адам тапсырып үлгерсе, 300 мыңға жуығы әлі есеп бермеген. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты.
Негізі 15 қыркүйек – соңғы күн. Алайда биыл ол жексенбіге түскендіктен, дүйсенбіге ауыстырылады. Кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары 16 қыркүйекке дейін декларация тапсырып үлгеруі керек.
Салық есебін өткізу мерзімі аяқталған соң, салық органдары декларация тапсырмағандарға алдымен ескерту жібереді. Есепшотындағы қаржы айналымы мен тапсырған декларациясындағы деректер сәйкес келмесе, салық органдарынан камералық бақылау хабарламасы келеді.
Жеке кәсіпкердің айналымы үлкен болса, оны декларацияда көрсетіп, тапқан табысынан салық төлеуі тиіс. Егер кәсіпкер ескерту мен бақылаудан кейін де, декларация тапсырудан бас тартса, айыппұл салынып, құқық қорғау орындарының тексеру жүргізуіне себеп болады.
Декларация тапсырмаса қанша айыппұл салынады
Вице-министрдің айтуынша, уақтылы салық есебін өткізбегендерге 15 АЕК (55 380 теңге) көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Алайда айыппұл бірден салынбайды, алдымен ескерту жіберіледі. Одан кейін де салық органдарының талабы орындалмаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті», «Электрондық үкімет» порталы, е-Salyq Azamat», «eGov mobile» қосымшалары және мобильді банкинг жүйелері арқылы тапсыруға болады.
2024 жыл – салық декларациясын тапсырудың үшінші кезеңі. Биыл оны бизнесмендер, заңды тұлға құрылтайшылары мен жұбайлары тапсырады.