«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (ҚМГ) 749,9 млн долларға тең облигацияларды мерзімінен бұрын сатып алды. Жалпы шығарылым құны – 1 млрд доллар болған. Енді 250,1 млрд көлемінде өтелмеген қарыз қалған.
«2024 жылғы 12 қыркүйекте «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өтеу мерзімі 2027 жылғы 19 сәуір деп белгіленген облигацияларды мерзімінен бұрын ішінара өтеуді жүзеге асырды», – делінген хабарламада.
Осылайша «ҚазМұнайГаз» он жылдық облигацияларының қарызын мерзімінен бұрын өтеді. Бұл облигацияларды өтеу мерзімі – 2027 жылдың сәуірі, пайыздық мөлшерлемесі – 4,75% болатын. Жалпы 14,1 млн доллар сыйақы төленген.
«Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы жалпы құны 1 млрд доллар болатын еурооблигацияларын кері сатып алатынын 4 қыркүйекте хабарлады. Компания облигацияларын қолма-кол ақшаға сатып алады. Тендерлік ұсыныс 2024 жылдың 3 қыркүйегінде күшіне енді және Нью-Йорк уақыты бойынша 10 қыркүйекте 17:00-де аяқталған.
Компания қаржы есебіне сәйкес, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚМГ-ның ұзақмерзімді несие берешегі 3,68 трлн теңге болған. «ҚазМұнайГаз» компаниясының таза пайдасы 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 550 млрд теңгені құрады. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 12,5%-ға артық..
Компанияның 67% акциясы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына» тиесілі. Ал 20 пайыз акциясына Қаржы министрлiгi иелік етсе, ҚР Ұлттық банкінің меншігінде 9,58% акциясы бар. 3 пайыз акциясы жеке инвесторлардың қолында.