Банк пен қаржы

 «Самұрық- Қазына» қоры бұрын Боранбаевқа тиесілі болған газ компаниясын Қаржы министрлігінен сатып алмақ

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры «АзияГаз Чунджа» компаниясының 100% жарғылық капиталын 9,3 млрд теңгеге сатып алмақ. Ол үшін Қазақстан қор биржасына әрқайсысы 92,9 млн теңгелік 100 қарапайым акция орналастырады. Бұл акцияларды қордың жалғыз акционері – ҚР Үкіметі басым құқықпен сатып алады. Директорлар кеңесінің шешімі қор биржасының сайтында орналастырылған.

Еgov порталының мәліметінше, «АзияГаз Чунджа» компаниясының жалғыз иесі – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. Осылайша, Үкімет «Самұрық-Қазына» қорының акцияларын 9,29 млрд теңгеге сатып алады. Бұл қаржыны қор компанияның жарығылық капиталы үшін төлейді.

«АзияГаз Чунджа» ЖШС 2023 жылдың қазанына дейін Қайрат Боранбаевтың иелігінде болған. Мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылған Боранбаев тергеумен ерікті ынтымақтастық аясында, компанияны басқа да активтерімен бірге мемлекет меншігіне өткізген болатын. Аталмыш компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге бағаланады.

Меншік құқығы «Самұрық-Қазына» АҚ-ға өткеннен кейін, қордың еншілес ұйымы – QazaqGaz нарықта 9,29 млрд теңгеге 1000 қарапайым акциясын орналастырылмақ. Бір қарапайым акцияның құны 9,29 млн теңге деп бекітіледі. Яғни компания QazaqGaz компаниясының балансына өтеді.

«АзияГаз Чунджа» ЖШС ­­– Алматы облысының Ұйғыр ауданын газбен қамтамасыз ететін жалғыз компания.

Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шығып, алғашында 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал 2023 жылдың қазан айында бас бостандығынан айыру «шектеумен» ауыстырылып, ал 2023 жылдың қарашасында кәсіпкер босатылды.

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, Боранбаев мемлекетке жалпы сомасы 134,5 млрд теңгенің активін қайтарған. Қылмыстық іс әлі тоқтамағандықтан, бұл сома болашақта өсуі мүмкін.